8 наурыз мерекесіне арналған сценарий

1

8 наурыз мерекесіне арналған сценарий

8 наурыз аналар мерекесі қарсаңында жоғары сынып оқушыларына арналған «Анаға қарап қыз өсер» атты кештің сценариін ұсынамыз…

Мерекелік кештің басты мақсаты: Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында, 6 ақпандағы Елбасымыздың Жолдауындағы ана мен балаға деген қамқорлық және қоғамдағы Ананың орны, «Ана» атымен байланысты қасиетті ұғымдар туралы пікір бөлісу. Ұстаз аналарды құрметтеуге шақыру.

Кештің көрнекілігі: Елбасы жолдауы, Жолдаудан үзінді жазылған қағаздар, ұлағатты сөздер, суреттер, шар, шақыру билеті, үнтаспа, гүл т.б.

Кештің барысы: Қонақтарды қарсы алу, кіріспе құттықтау сөз, тақырып бөлісу, пікіралысу, саралаушы топтың қорытындысы, оқушылар құттықтауы, жалпы қорытынды.

1-жүргізуші: Ар ма, ағайын! Қайырлы күн, қымбатты жиналған қауым!

2-жүргізуші: Құрметті ақ жаулықты аналар мен әжелер, кер маралдай керілген әпкелер, қарындас, құрдастар, ұстаздар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтай отырып, «Анаға қарап қыз өсер…» атты мерекелік кешке қош келдіңіздер дейміз!

1-жүргізуші: Тіпті табиғаттың өзі де бұл күні біздің тамаша әйел-аналарды даңққа бөлеп тұрғандай. Неге дәл осы күн әйелдердің халықаралық мерекесі болып белгіленді екен?

Осы сәтте экранға мына видео қойылады:

 

2-жүргізуші: Кейін шегініп, қалың тарихтың бір парағына көз салсақ, қасқайған Нью-Йорк қаласы мен сол алып, батыр қаланың әділеттілікті талап еткен нәзік жандыларын көреміз. 1857 жылдың 8 наурызында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері үміттерін үкілеп, ереуілге шығады. Бұл күні тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алатын жұмысшы әйелдер басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орны мен еңбекақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етеді. Нью-Йорктың жан-жағынан көтерілген әйелдердің өз үні бейнебір толқын іспетті жан-жақтан естіліп, қоғамдағы әйелдердің орнын нақтылағандай болды. Осы күннен кейін алғаш рет әйелдердің қоғамдық ұйымдары құрылып, олар өз құқықтарын қорғауды қолға алды.

1-жүргізуші: 1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық конференция өтті. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі туралы ойын ортаға тастады. Оның бұл ұсынысын өз құқықтары үшін күресуге бел буған қалың әйелдер тобы іліп әкетіп, келесі жылы-ақ, яғни 1911 жылдан бастап, Австрия, Дания, Германия мен Швейцарияда 8 наурыз мейрам ретінде тойланды.

2-жүргізуші: Наурыз айының басында біздің еліміздің көп аймағында әлі де қар жатады. Қыстағыдай ызғарлы, бірақ көңілімізді көктемнің алғашқы мерекесі жылындырады. Бұл мерекенің жылдың басқа мезгілінде болуы қисынға келмейтіндей, себебі, көктем секілді әйелдер де адамзатқа өмір, жылылық пен әсемдік сыйлайды емес пе?

1-жүргізуші: Барлықтарыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жер-дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілейміз! Барша туған-туыстарыңызды жылы жүрегіңіздің мейірімділігі мен ыстық ықыласына бөлеуден шаршамаңыздар! Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!

2-жүргізуші:

Біз ғана емес,

Қадір тұтқан бабалар

Ана деген – тіршіліктің тірегі,

Мерекеңмен, қасиетті Аналар!

1-жүргізуші:

Ана – жұмақ, мен – шуақ, саябағы,

Ана – шырақ, мен – мен сұрақ санадағы.

Ана – теңіз, мен – қайық тербетілген,

Ана – бұлақ, мен – құрақ жағадағы.

2-жүргізуші: Қадірлі қауым! Бүгін сіздер «Анаға қарап қыз өсер» атты мерекелік сайысына қатысып отырсыздар. Біздің мерекелік кешіміз ана мен баланың қатысуымен, бірлесе жұмыс жасауымен өткелі отыр. Яғни, сайысқа 5 жұп (ана мен қыз) қатысады.

1-жүргізуші: Сайыс мынадай кезеңдерден тұрады:

І. Таныстыру

ІІ. Ана мен бала өнері

ІІІ. Аспаздық. Ана мен бала бірлесе отырып тағам әзірлейді

ІV. Ситуациялық сұрақтар

2- жүргізуші: Сонымен қатысушы жұптарды ортаға шақырамыз. (Жеке-жеке атап шақырады да, арнайы дайындалған орындарға отырғызады, ана мен бала ұлттық киімде, әрбірінің оң жақ кеудесінде реттік нөмірі болу керек).

(Сайыскерлеріміз дайын болғанша, «Менің анам алтын» әні орындалады)

1-жүргізуші:

Гүл көңілі қуаныштан өрілді,

Жанарыңнан жалын нұры төгілді,

Жыр ұшқындап тұр ғой әне үніңнен,

Көпшілікке таныстыршы өзіңді, — дей отырып, алғашқы қатысушыларымыздың таныстыруын тамашалайық!

(5 жұп таныстыруын көрсетеді)

2- жүргізуші:

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап

Ана дейді жас сәби де жарқылдап

Ана деген – бәйтерегі өмірдің,

Ана деген – алтын қазық, алтын бақ!

1-жүргізуші:

О, аналар осындайсың бәрің де,

Осындайсың жасың-дағы кәрің де,

Сыйынатын осы өмірде құдірет,

Сыйынар ем ана деген тәңірге…

Ендігі кезекте аналарымыз бен қатарластарымыздың өнерін тамашалуға рұқсат етіңіздер.

(5 жұп өнерлерін көрсетеді)

1- жүргізуші:

Ең күшті нәрсе не? – десе,

— Әйелдің әмірі! – дер едім.

Әйелдердің барлығын

Жердегі Тәңірі! – дер едім.

Өз басым әйелді осылай деп бағалаймын. Өйткені, адамзатты жарататын — әйел, ұлтын көбейтетін — әйел, ұрпақты ұластыратын — әйел, еркекті Ер ететін — әйел. Бір сөзбен айтқанда, дүниенің тірегі -әйел. Махаббаттың асыл нұры — әйел. Өмір деген алтын сарай есігінің күміс кілті — әйел махаббаты.

2-жүргізуші: Керемет айттың! Ананың қадірін онан сайын сезіне түсіну үшін бір әдемі жыр жолдарын тыңдап алайық:

Оқушы төмендегі өлеңді оқиды (Сахна артында төмендегі бейнебаян қойылады):

1-жүргізуші:

Махаббат, сені қиын жырлау бүгін,

Сен жайлы жоқ-бар деген жүр даулы ұғым.

Болды екен қанша ғұмыр саған қарыз,

Болды екен қанша ғұмыр құрбандығың?

Махаббат, сені қиын жырлау бүгін,

Сен жайлы жоқ-бар деген жүр даулы ұғым.

Болды екен қанша ғұмыр саған қарыз,

Болды екен қанша ғұмыр құрбандығың?

2- жүргізуші:

Көңілің алатаудың ақ қарындай,

Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.

Қалайша аяулы ана тына алармын,

Ән болып сағыныштан ақтарылмай.

1-жүргізуші: Адамның әдептілігімен жан дүниенің сұлулығы, ең алдымен балаға ананың ақ сүтінен, ана жүрегінің жылуынан дарыған. Бойымыздағы  ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Біз анадан өмірімізге керектінің барлығын да үйренеміз. Соның дәлелі ретінде аналарымыз бізге тағам жасауды үйретпекші. Ал олардың сүйікті балалары қолғабыс етеді. Яғни, үшінші кезеңіміз – «Аспаздыққа» да кезек жетті.

2- жүргізуші:

Ал халайық, ықыласпен демейік,

Арулардың аспаздық өнерін көрейік.

Дәмі менен көрінісіне қарап біз

Әділдікпен бағаларын білейік.

Аналар сахнада оңай жасалатын тағамдар жасайды. Осы уақытта сынып оқушылары би-билеп, ән айтады.

1- жүргізуші: Әйел затының міндеті – сырттай қарағанда от басы, ошақ қасы секілді қарапайым көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ, үй ішінің шаруасы – кәсібімен айналысып, бала-шағаны бағып-қағу, өсіру, ағайын жұрттың береке-бірлігіне ұйытқы болу сияқты негізінен үйелменнің құт-берекесін арттыратын ең бір маңызды істер әйелге жүктеліп, әр шаңырақтың тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы да осы үйдегі ақ жаулықты аналарымыз болып келеді. Ендеше, осы күйбең тіршіліктен арылып, ұлдардың дайындаған әзіліне құлақ түрсек.

«Апаймен байланыс», «Емтихан кезінде» сынды әзіл көріністер құрылады.

2-жүргізуші:

Жас ару жас ғұмырдың талғамысың,

Қуантқан әрбір үйдің арманысың.

Дәл бүгін қанат қомдап сыналарда

Сан сұрақтан сүрінбей, самғап ұшқын, -дей отырып, ситуациялық сұрақтарымызға кезек берейік, ортаға қатысушы аналарымызды құрметпен шақырамыз.

1-сұрақ: Сіздің қызыңыз бір жігітті қатты жақсы көреді. Оны тіпті өзіңізге де мойындады. Бірақ, ол жігіт өте бұзық, отбасы өте нашар тұрады. Сіз қандай әрекет жасайтын едіңіз?

2-сұрақ: Бүгін сіздің қызыңыздың ең жақын құрбысының туған күні. Қызыңыз сыйлық үшін ақша сұрады. Ал сізде ақша да, басқа бір бағалы сыйлық та жоқ. Мұны қызыңыз түсінер емес, үйді басына көтеріп, жылап отыр. Қарыз сұрадыңыз. Ешкімнен табылмады. Сіз қандай әрекетке барасыз?

3-сұрақ: Қызыңыз дәл қазір өтпелі кезеңде. Ол тым дөрекі болып барады. Сізді ана, жарыңызды әке деп қарамайды. Ылғи да дауыс көтеріп сөйлейді, айтқандарыңызды тыңдамайды. Күннен күнге бұзылып бара жатқандығын байқадыңыз. Темекі де шегетін секілді. Ашық сөйлесіп көріп едіңіз. Нәтиже жоқ. Не істейсіз?

4-сұрақ: Сіздің қызыңыз сыныптасының ақшасын ұрлап алыпты. Мұнымен қоймай ол қызбен төбелесуге дейін барыпты. Сізді ата-аналар жиналысына шақыртып масқара етті. Қызыңызды тәрбиелеу үшін қандай әрекеттер қолданасыз?

5-сұрақ: Сіздің қызыңыз сабаққа барғысы келмейді. Ұрыстыңыз, ұрдыңыз, мұғалім көмегіне жүгіндіңіз. Бірақ, ол бәрібір де таңертең тұрмайды. Сабаққа деген еш қызығушылығы жоқ. Қандай әрекеттер жасайсыз?

Аналар сұрақтарды ашып жауап береді. Ұтқыр ойдың иесі жоғары балға ие болады.

1-жүргізуші:

Адам бар ма ана сүтін татпаған,

Алуан – алуан ауыр сынды атанған.

Адалдықты, ар-намысты сақтаған,

Мен анамның сонысына мақтанам!

2-жүргізуші: Әділ-қазыларымыздан бүгінгі сайыс қортындысын жариялауды сұраймыз. Қорытынды жарияланып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылады.

1-жүргізуші:

Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,

Жүрегіңе, жүрегімді жалғадым.

Өзің мына сыйға берген өмірде.

Ақ сүтіңді ақтап өту арманым.

Барша ана, құтты болсын мерекеңіз!

Әрқашан да ана, сізбен берекеміз!

Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,

Сонда біз кісілікке теңесеміз!

2-жүргізуші: Құрметті қонақтар, біздің «Анаға қарап қыз өсер» атты мерекелік кешімізді көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп-көп рақмет!

1-жүргізуші: Аяулы аналар! Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегіне сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын! Амандықта жүздескенше! 8 наурыз мейрамы құтты болсын!

8 наурыз. Жастар кешіне арналған сценарий

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: goo.kz, kazkvn.kz, aktobegazeti.kz, ds0007.kokshetau.akmoedu.kz, namys.kz