8 ай Қытай тұтқынына айналған қазақтан хабар жоқ
Қытайдың Шыңжаң аймағында қазақ жастары арасынан шыққан әнші, сазгер Ғарапа Насиоллаұлын полиция алып кеткелі сегіз ай болды. Туыстары оның қазір нақты қай жерде екенін және қандай айыппен ұсталғанын білмейді, деп хабарлайды Kznews.kz жаңалықтар порталы Азаттық Радиосына сілтеме жасап.
«ҰЛЫМНАН ТІРІДЕЙ АЙРЫЛЫП ОТЫРМЫН»
«Жылай-жылай ауру болдым. Әкесі қайтқанда тұңғышым он жаста, Ғарапам бір жаста еді. 33 жасымда жесір қалдым. Енді жеткіздім ғой дегенде…» деп барып сөзін аяқтай алмай өксіген қарт ананы телефонның бер жағында тұрып жұбатуға сөз таба алмадық. Бұл – Шыңжаңдағы қазақ жастары арасында кеңінен танымал әнші, сазгер әрі ақын Ғарапа Насиоллаұлының анасы Қаматан Тоқтамұрат.
Өмірге үш ұл, үш қыз әкелген Қаматан Тоқтамұрат қазір Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Қоянды ауылында екінші ұлының қолында тұрады. Қарт әйел бес баласының Қытайда қалғанын, сүт кенжесі Ғарападан «тірідей айрылып» отырғанын айтады.
Анасының сөзінше, 35 жастағы Ғарапаны 2021 жылғы шілденің тоғызында Санжы қалалық полициясы алып кеткен. Қазір қайда, қандай жағдайда екенін ешкім білмейді. Қаматанның Қытайда қалған балаларына да Ғарапа туралы ешкім ешқандай ақпарат бермеген.
1986 жылы Санжы облысында дүниеге келген Ғарапа Насиоллаұлының негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Пекин қаласындағы Ұлттар университетін бітірген соң Санжы қаласындағы №2 орта мектепте ұстаз болып еңбек еткен. Әйелі де мұғалім. Ерлі-зайыптының үш жасар баласы бар.
Анасының сөзінше, 2018 жылдан бастап Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Гуандун провинциясының орталығы Гуанчжоу қаласына жақын жердегі Жаңмин қаласына оқушыларды апарып, сонда сабақ беріпті.
– Ең алғаш кеткен кезде телефонмен сөйлескенімізде «Екі мың баланы бастап, алты мұғалім кетіп барамыз» деді. «Шыңжаң сыныбына» жай мұғалімдерді жібермейді, сынақтан өткен мұғалімдерді ғана апарады. Ол жақта да абыройлы болды. Қыркүйекте кетіп, жазғы демалысқа бір-ақ келетін. 2021 жылғы маусымның он үшінде «келдім» деп хабарласты. Содан бір айға жетер-жетпес уақытта ұстап әкетті ғой, – дейді анасы Қаматан қамығып.
«СҮЛЕЙ» БЛОГ ПЛАТФОРМАСЫ
Ғарапа Насиоллаұлы Жаңмин қаласына барғаннан кейін Қытайда халық арасында кең таралған Wechat әлеуметтік желісінде «Сүлей» атты блог платформасын жүргізіп, онда қазақстандық әншілер мен ақын-жазушылардың шығармаларын тұрақты жариялап отырған. Анасы баласының қамауға алынуына осы сүйікті ісі себеп болды ма деп ойлайды.
– Ол үлкен бір кемшілік жіберген жоқ шығар, билік оған ескерту жасап, қоя беретін шығар деп күтіп отырдық. Содан бері сегіз ай өтті. Еш хабар жоқ. «Қазақстанмен байланысы бар» деген сөз бар екен. 2017 жылы Қазақстанға бір рет қана келіп, 15 күндей жүріп қайтқан. Қазір қайда екенін де ешкім дөп басып айта алмайды. Сол жақта қалған аға-әпкелеріне де кездестірмеген. Ұзынқұлақтан «Санжы қаласында болуы мүмкін» деп қана естиміз, – дейді Қаматан Тоқтамұрат.
Ғарапа Насиоллаұлы жүргізген «Сүлей» блог платформасында Қазақстанда тұратын қазақ жазушылары Рақымжан Отарбаевтың «Сатқын», Дулат Исабековтың «Ең бақытты түн» әңгімесі, күйші Жаңғали Жүзбайдың «Қарату шертпелері» атты мақаласы мен Бейбіт Сарыбайдың жазбалары, ақын Несіпбек Айтұлының өлеңдері жарияланған. Бірақ Ғарапа қамауға алынғаннан бері парақша жаңармаған.
YouTube желісінде Ғарапа Насиоллаұлының орындауындағы және өзі шығарған «Әппақ шағала», «Ақ маржан», «Ғашықтар тілегі», «Ардақтым-ау», «Ерен тауда ерке қыз» сынды әндері жарияланған.
Ғарапа Насиоллаұлының орындауындағы «Ақ маржан» әні:
Қытайда бала күннен бірге өскен досы Нәжәтбек Нұрсат Ғарапаның Қытайдың Шыңжаңға қатысты саясатына қарсы ешқашан сөйлемегенін, мемлекеттік қызметкер болғанын айтады.
– Ол – үздік ұстаз. Ұйымдастыру қабілеті де ерекше еді. Әсіресе шығармашылық бағыттағы нәрселерді жақсы ұйымдастыратын. Қытай қазақтарының ішінде өте беделді болды. Оның 30-ға жуық әні бар. Қытайдағы танымал эстрада жұлдыздары Ғарапаның әнін айтып жүр. Арнаулы музыкалық білімі болмағанымен шығарған әндері табиғилығымен тыңдарманды баурайтын. Он екі жыл бірге оқыдық. Бала күнімізден арамызда лидер болды. Жазба ақындығынан бөлек айтысқа да бейім еді. Әлем әдебиетіне жетік болды. Әлемнің үздік шығармаларын қытай тілінде оқыды. Нобель сыйлығын алған жазушылардың әңгімесін талдаған кезде таңқалдыратын. Бала кезінен өте ізденімпаз еді. Қытайдың ескі әдебиеттерін де оқи беретін. Қытай әдебиеті туралы сөз болғанда ханзу (қытай ұлтының өкілі – ред.) достарының өзі оның аузына қарайтын еді, – дейді Нәжәтбек Нұрсат.
Нәжәтбек «Сүлей» блог платформасы оқырмандары өте көп болғанын және оған жарияланған материалдар да құнды екенін айтады. Оның сөзінше, Ғарапа сүйікті ісі – шығармашылыққа көп көңіл бөлген. Тек қазақ әдебиетіне ғана емес, адамзатқа ортақ құндылықтарды көп жариялаған.
– Оның ұсталуына көп біліп, көп оқығандығы, қатарынан озғандығы себеп болған шығар деп ойлаймын, – дейді Нәжәтбек.
ШЫҢЖАҢ СЫНЫБЫ
Қытайда туып-өскен, қазір Алматы қаласында тұратын Серік Мұратхан Қытайда ел ішінде «Шыңжаң сыныбы» аталып кеткен мектеп әу баста өзге ұлттарды ассимиляциялау мақсатында ашылған дейді.
Серік Мұратхан осы мектептің 2008 жылдан бастап ашылғанын, Шыңжаңдағы байырғы ұлт өкілдері арасынан қытай тілін жетік меңгерген балаларды іріктеп алып, Шанхай, Пекин секілді ірі қалаларда 10, 11, 12-сыныпты оқытатынын айтады.
«Қытайша жақсы білетін балаларды іріктеп, ішкі Қытайға апарып оқытады. Олардың барлығы интернатта жатады. Алғаш бара қалған кезде алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Мектепте қалай жүруден бастап жатақханадағы тәртіптің барлығын әскери тәртіппен үйретеді. Олар қытайша жақсы білгендіктен Қытайдың жоғарғы белді оқу орындарына түсе алады. Мұндағы мақсат – біріншіден қытай тілін сіңіру. Шыңжаңдағы байырғы ұлттардың барлығы қытайша біле бермейді. Ұзағаны Пекиндегі ұлттар университетіне барады. Осыны білген билік «қытайша білген адамның қандай университетте оқи алатынын, қандай жұмыс істей алатынын көрсету. Осы арқылы, яғни үздік балаларды өзіне тарту арқылы ассимиляцияны тездету. Осы мектептен шыққан жастардың ішкі өлкеде жақсы қызмет істейтіндері, мықты бизмесмендер де бар. Солардың өмірі арқылы, солардың аузымен айтқызу арқылы жастар арасында қытай тілін дәріптеп, оны білген адамның тұрмысы төмен болмайтынын дәріптеу арқылы ассимиляцияны жылдамдату» деп түсіндіреді Мұратхан.
- БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаң өлкесінде 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді күшпен жаттатқызған, қытай тілін үйреткен. Кейін зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халықтың санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер сақшылар зорлағанын, ал еркектер қамауда азапталғанын айтқан.
- Қытай лагерьлерді «кәсіпке баулу орталығы» дейді, ал Шыңжаңдағы саясатын «экстремизммен күрес» деп атайды. Пекин Шыңжаңға Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін кіргізуден бас тартты. Қытай мемлекеттік медиасы Шыңжаңдағы «бақытты өмірді» көрсетуге тырысады.
- Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға «геноцид« жасады деп айыптады. Пекин мұны жоққа шығарып келеді.