8,4 млн адамның несиесі бар: Қошанов халықтың қарызға батқанын айтты
Мәжілісте бүгін несиеге батқан халықтың мәселесі талқыланып жатыр. Жиынға жауапты мемлекеттік органдардың біразы келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Депутаттар да бұл түйткілмен жақсы таныс. Өйткені, біз аймақтарға жиі шығамыз. Менің өзім де талай өңірде болып, халықпен жүздестім. Көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік. Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып тұр», — дейді ол.
Қошанов келтірген мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.
«Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай. Ең бастысы бұл — әр азаматқа, әр отбасына тікелей қатысты өткір мәселе. Сондықтан біз бұл проблеманы мұқият зерттеп, оңтайлы шешімін табуымыз керек», — дейді Қошанов.