78 жастағы кейуана өзінің қайтыс болған сіңілісімен екі аптаға жуық бірге тұрған — Қазақстан жаңалықтары
Көпқабатты үй төңірегін жағымсыз иіс жайлағанда көршілері құзырлы органдарға хабар берген соң бір-ақ білген. Полиция мүрдені алып кеткенімен, пәтерде әлі күнге дейін дезинфекция жасалмаған. Оның үстіне, апалы-сіңілілердің баспанасы көшеден жинаған тұрмыстық қалдыққа лық толып тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бір бөлмелелі пәтерде 78 және 70 жастағы апалы-сіңілі зейнеткерлер тұрып келген. Көршілерінің айтуынша, кезінде екеуі де дәрігер болған. Ал қартайған шақтарында психологиялық дертке шалдықты дейді. Соның салдарынан, үйлеріне көшедегі тұрмыстық қалдықтарды тасуды әдетке айналдырған. Ең сорақысы — әпкесі сіңілісінің бақилық болып кеткенін білмеген. Мүрде екі аптаға жуық үйінде жатып қалған. Тек, төңіректі жағымсыз иіс жайлаған сәтте жұрт полиция шақырған.
«Бөлменің іші төбеге дейін толған тұрмыстық қалдық. Қап-қап қылып жинай берген. Үйіне кіре алмайсың. Терезенің бәрін газетпен бітеп тастаған. Оның үстіне, екеуі сол жерге дәрет сындырып келген. Иісі деген сұмдық”, — дейді Семей қаласының тұрғыны Зинаида Хохлова.
Қазіргі уақытта Менжеган Саптарованы психологиялық диспансерге емдеуге алып кетті. Дегенмен, жұртты қоқыр-қоқсыққа толып, адам мүрдесі жатып қалған баспанаға дезинфекция жасалмағаны алаңдатады. Олар бір аптадан бері жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырғанымен, нәтиже жоқ. Бір-біріне сілтеп мезі етті дейді. Ал, оқиға орнына келген мамандар біреудің жеке мүлкіне қол сұға алмайтынын айтып ақталады.
«Пәтердің кімнің атында екенін анықтаймыз. Ол үшін біз қажетті құжаттарды жинап, сотқа жібереміз. Әрі қарай сот шешетін болады”, — дейді Семей қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясының тұрғын үй саясаты секторының меңгерушісі Құралай Дүйсенбаева.
Көршілер жергілікті биліктен екі кейуананы үш жыл бұрын бейімдеу орталығына орналастыруды сұрап барған. Алайда, атқамінерлер уәдені үйіп-төгіп, артынша бірі төбе көрсетпеген. Сондықтан олар әкімдіктегілердің “сот арқылы шешеміз” деген сөзіне де сенбейді. Енді амалы таусылған тұрғындар мүңкіген иістен құтылу үшін пәтерді өздері тазалауды қолға алмақ.
stan.kz