75 жастағы қария кір тасын көтеруден Әлем чемпионы атанды
Көкшетаулық 75 жастағы ардагер спортшы салмағы 16 келі кір тасын 30 рет көтеріп, Әлем чемпионы атанды.
Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне қарағанда, Өзбекстан Републикасының Бұхара қаласында кір тасын көтеруден жасөспірімдер, ерлер мен әйелдер, ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарысқа әлемнің 15 елінен әр жастағы 200-ге жуық спортшы қатысты. Оның ішінде Көкшетаудан барған 75 жастағы ардагер спортшы Борис Нұғыманов 75-79 жастағылар арасында 80 келі салмақта серпе көтеру әдісі бойынша салмағы 16 келі кір тасын 30 рет көтеріп, Әлем чемпионы болды.
«Бористің бұл алғашқы жеңісі емес, ол осыған дейін ардагерлер арасында өткен талай халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Бұл жолы да ол өзінің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді», — дейді Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.