700 адам қаржы пирамидасына алданған — Қазақстан жаңалықтары

0

Елімізде аты шулы «Questra World» пирамидасына қаржы құйып кейіннен бармақ тістеп қалғандар саны 700 адамға жеткен. Ұйым өкілдері бірнеше қалаларда жиын өткізіп, сертификат табыстаған. Онымен қоса салған «инвестиция» арқылы жылына 200-300 есе пайда табасыз деп жұртты сендіріпті. Жиған-тергенін алаяқтарға беріп, соңында жер сипап қалғандар бүгінде Елордада әділдікке қол жеткізе алмай келеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.  

әйел

«Жалпы, кірген сомамыз біздің 12 млн теңгені құрайды. Бұл қаржылық пирамида Қазақстанға 2016 жылы кірген. Оны Россияның азаматтары алып келген. Бірақ, Қазақстанда таратып, дамытып жүрген ол  Карамаев Кенесары деген Қарағандының азаматы, қазір сот процесі жүріп жатыр. Сот процесіне біздің наразылығымыз бар. 550 млн-нан артық доллар Қазақстанның шетіне шығарылып кеткен», — дейді қаржылық пирамидасының салымшысы Гүлжан Күзер.

Дәл осы қаржы пирамидасынан опық жегендердің жағдайына алаңдаған халық қалаулылары да екі жыл бұрын Парламентте мәселе көтерген еді. Азаматтарымыздың қаржылық сауатының төмендігіне қынжылған Бекболат Тілеухан, ол компанияларға кеткен ақшаны қайтарып алудың қиын екендігін айтқан болатын. Себебі, ондай мекемелердың есепшоты афшорларда орналасқан екен.

Бұл ұйымға алданғандар тек біздің елде ғана емес, Ресей, Украина, Беларусь сынды мемлекеттерде де бар екен. Жалпы зардап шеккендер саны жарты миллиноға жуықтайды. Қаржылық пирамиданың негізін қалаған украиналық азамат өткен жылы Мәскеуде тұтқындалған еді. Ал, еліміздегі баламасын құрғандар бүгінде сот алдында жауап беруде. Бірақ, зардап шеккендер олардан бір тиын да өндіріп ала алмай келеді.

Жер сипап қалғандардың сөзінше, алаяқтар салымшыларды тарту үшін түрлі айла тәсілге барған. Құйған қаржыңызды 3 айдың ішінде қайтарып, дивиденд, яғни белгілі мөлшерде табыс табасыз деп сендіріпті. Дәл осындай алданып қалғандардың бірі қолындағы 10 млн теңгесін санап берген.    

Ал, заңгерлер кез-келген адамға күмән ұялататын ұйымды анықтау үшін бірнеше қарапайым дүниелерге назар аударуға шақырады. Олар ауқымды жобалар, шет-шегі жоқ сыйлықтар және өзіңнен соң компанияға бірнеше адам тарту деген ереже. Пайданы көздегендердің мекемесі болса, осындай пункттер міндетті түрде кездеседі екен.       

«Адамдардың қаржылық жағынан сауатсыздығы. Интернет арқылы көп адамдар алданып қалып жатады. «Алғашқы адамдарға олар шындығында да өздерінің процентін береді. Алдыңғы адамдар сеніп, артқы адамдарды тарту үшін», — дейді заңгер Бақытжан Омарханов.

Елордадағы Алматы аудандық сотында 4 айдан бері қаралып жатқан іс бойынша, күдікті ретінде 4 адам жауап беруде. Олар шеттен келген пирамиданың елімізде «өркендеп, қанат жаюына» себепші болған. Ал, пәтерін сатып, қарызға белшесінен батқан жандардың қаржысы қайтарыла ма, жоқ па ол сұрақтың басы әзірге ашық тұр.

stan.kz