70 жыл отасқан ерлі-зайыпты бір күнде қол ұстасып өмірден озды
Қысқа сілтеме алу
Отбасын құра сала ажыраса салуға болатын бұл заманда мәңгілік махаббатқа көп ешкім сене қоймайтын шығар. Бірақ австралиялық қарт жұп шынайы сүйіспеншіліктің ешқашан өшпейтінін дәлелдеді
АСТАНА, 3 ақпан – Sputnik. Австралияда 90 жастағы Норма Джун Плателл мен 92 жастағы күйеуі Фрэнсис Эрнест Плателлдің отасқандарына 70 жыл болыпты. Әйелі Альцгеймер дертіне шалдыққанда, қария ақыры соңына дейін өз үйінде науқасты күтіп бағады. Қартайып, қайраты кеткен соң Норманы қарттар үйіне беруге мәжбүр болған. Ерлі-зайыптының қызы Аманданың айтуынша, сол кезде әкесі жүрегінің бір бөлшегінен айырылғандай күй кешіпті.
Кез келген мүмкіндік туса, таксиге мініп, сүйген жарына аттанады екен, тамақ ішіп немесе теледидар қарап отырғанда үнемі қолынан ұстап, алақанына қысып отыратын. Норма есін білетін кезде айтқан соңғы сөзі «менің күйеуім» болғанына ешкім таңғалмасы анық. Көп ұзамай Фрэнсис те қарттар үйіне тап болады: инсульт алып, жамбас сүйегі сынғаннан кейін өзі жалғыз тұра алмайтын халге жетіпті.
Ерлі-зайыптыны бір палатаға орналастырады. Төсектерін бір-біріне жақын қойған екен. Алжығанына қарамастан Норма күйеуін танып, жанынан шықпайтын, деп жазады Daily Mail. Махаббат ақыл-естің төмендігін де жеңген болса керек.
«Әкем төсек тартып жатып, қатты қиналып, күйзеліске ұшырады. Ал анам одан көзін айырмайтын. Ол тамақ ішпесе, нәр татпайтын. Су ішпесе де, бір ұрттам жұтпайтын. Әкемнің істегенін қайталаушы еді», — деп еске алады қариялардың қызы Аманда Плателл.
Күндердің күнінде қарттарға қарап жүрген медбике палатаға кіріп-шығып, он минуттан соң қайтып келсе, ерлі-зайыптылар өмірден озыпты. Ұзақ жыл отасқан Норма мен Фрэнсис бір күнде, тіпті бір сәтте қайтыс болған. Дәрігерлер кімнің бірінші көз жұмғанын анықтай алмай қойды.
«Анамның тынысы бір түрлі болды. Әкемнің де мазасы кетті. Медбике он минуттан соң қайтып келіп, тексерсе, екеуі де дүние салыпты. Тып-тыныш. Қол ұстасқан күйі. Өздері қалағандай», — дейді Аманда Плателл.
Норма — ауқатты отбасыдан шыққан қыз, Фрэнсис — кедей ауданның жігіті. Екеуі танысқан кезде, ер адам киножұлдызға ғашық болғандай сезімде болыпты. Сұлу әрі қол жетпестей көрінген. Қыз бен жігіттің арасы жер мен көктей болса да, шынайы махаббат бәрін жеңіп, екеуі бақытты отбасын құрып, үш бала тәрбиелеп өсіріпті.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/