«7-20-25»: Құжат рәсімдеу жеңілдей ме?

0

Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықов Әділет министрі Марат Бекетаевтан «7-20-25» бағдарламасы бойынша құжаттардың не себепті ұзақ рәсімделетінін сұрады.

«Президент алға қойған міндеттер шеңберінде биыл «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредитін беру бағдарламасы жұмысын бастады. Алайда, бүгінгі таңда азаматтар осы бағдарлама шеңберінде сатып алынатын тұрғын үйді рәсімдеу үшін көп уақыт жұмсауға мәжбүр болып отыр. Олар бірінші кезекте құжаттарды рәсімдеу үшін банкке барады. Одан кейін ипотеканы тіркеу үшін ХҚКО-ға барады. Тұрғындар мекемелердің арасында сандалады. Бағдарламаның әлеуметтік маңызы барын ескере отырып, құжаттарды рәсімдеу процесі халық үшін барынша жеңілдетілуі тиіс екені сөзсіз. Әділет министрлігі аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде қандай шаралар қабылдап жатыр? Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде сатып алынған жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу процесі қалай жеңілдейді?», – деді Тұрғын Сыздықов.

Әділет министрі Марат Бекетаев проблеманың болашақта шешілетінін айтты. «Әрине, басында сіз атаған мәселелер болды. Бірақ та, бұл бағдарлама бойынша біз Мемлекеттік корпорациямен (Азаматтарға арналған үкімет –ред.) бірге бірқатар жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде, қазіргі кезде ұйымдастырылған механизм шеңберінде азаматтар Мемлекеттік корпорацияға жүгінбейді және ешқандай құжаттар тапсырмайды. Барлығы банкте бір жұмыс күні ішінде жасалатын болады», – деді Тұрғын Бекетаев.

«Айқын» ақпарат

 

Дереккөз: Айқын