«7-20-25». Пәтер алу үшін табыс мөлшері қанша болу қажет?
Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ директор департаменті Қанат Абдраимов елордада 15 млн теңгенің пәтерін алу үшін табыс мөлшері 160 теңге көлемінде болу қажет екенін мәлім етті.
Қанат Абдраимов «7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін тұрғындардың табысы қанша болуы қажет екенін түсіндірді.
«Мысалы, Астанада пәтердің бағасы 15 млн теңге деп алайық. Демек, азамат ай сайын пәтерге 84 613 мың теңге төлеуі қажет. Енді осы санды екіге көбейтеміз, шамамен 160 мың теңге шығады. Бұл азаматтың ай сайын алатын жалақысы. Енді мұғалімнің жалақысын 60-80 мың деп алайық. Астана қаласындағы орташа жалақы мөлшерін айта алмаймын. Егер азамат пәтер алғысы келіп, бірақ төлем қабілетін растай алмаса, өзге қарыз алушыны көмекке шақыра алады. Туысы болу міндетті емес. Осы табыстың көлемімен өзін (пәтермен – автор) қамтамасыз етуге болады. Осылайша, аталған бағдарламаға қатыса алады», — деді ол Астана қаласы әкімдігінде өткен брифигте.
Ал «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дархан Байқуатов қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасы бойынша банктер жалпы 57 млрд теңгені құрайтын 4 831 өтінішті қабылданғанын жеткізді.
«Оның ішінде банктер 37 млрд теңгені қарызға беруге шешім қабылдады. Бұл – 3 144 өтініш. Біз аталған бағдарлама жұмысын сәтті бастап, тиімді жұмыс істеп жатыр деген пікірдеміз. Қазіргі таңда Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысы көш басында келеді. Астанада 15 млрд теңгені құрайтын кредит мақұлданды. 1 мыңнан астам елордалық (пәтер алуға – автор) келісім алды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», — деді төраға.
Осы ретте Дархан Байқуатов аталған бағдарлама бойынша Халық банк, Центркредит, АТФБанк, Цеснабанк, Bank RBK, Еуразиялық банк, ForteBank несие беретінін атап өтті.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ