«7-20-25» бойынша құжаттарды рәсімдеу процесі халық үшін жеңілдетілуі тиіс — депутат
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықов Әділет министрі Марат Бекетаевтан «7-20-25» бағдарламасы бойынша құжаттардың неліктен ұзақ рәсімделетінін сұрады.
«Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде биыл «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредитін беру бағдарламасы жұмысын бастады. Алайда, бүгінгі таңда азаматтар осы бағдарлама шеңберінде сатып алынатын тұрғын үйді рәсімдеу үшін көп уақыт жұмсауға мәжбүр болып отыр. Олар бірінші кезекте құжаттарды рәсімдеу үшін банкке барады, одан кейін ипотеканы тіркеу үшін ХҚКО-ға барады және тағы сондай жерлерге барады. Бағдарламаның әлеуметтік маңызы барын ескере отырып, құжаттарды рәсімдеу процесі халық үшін барынша жеңілдетілуі тиіс екені сөзсіз. Әділет министрлігі аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде қандай шаралар қабылдап жатыр? Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде сатып алынған жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу процесі қалай жеңілдейді?», — деп сұрады Сыздықов.
Ал, Әділет министрі Марат Бекетаев бұл проблеманы жоққа шығармады.
«Әрине, басында сіз атаған мәселелер болды. Бірақ та, бұл бағдарлама бойынша біз Мемлекеттік корпорациямен (Азаматтарға арналған үкімет-автор ескерт.) бірге бірқатар жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде, қазіргі кезде ұйымдастырылған механизм шеңберінде азаматтар Мемлекеттік корпорацияға жүгінбейді және ешқандай құжаттар тапсырмайды. Барлығы банкте бір жұмыс күні ішінде жасалатын болады», — деп жауап берді Бекетаев.
Бұған дейін министр жыл сайын елімізде жылжымайтын мүлікке 1 млн 700 мыңнан астам құқық тіркелетінін айтқан еді.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ