«7-20-25» бағдарламасы Қазақстан жылжымайтын мүлік нарығына қалай әсер етті
2018 жылғы 16 қараша 14:43 35
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Бүгін Алматыда өтіп жатқан Қаржыгерлер конгресінде Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов «7-20-25» бағдарламасының жылжымайтын мүлік нарығына ықпалы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
««7-20-25» бағдарламасы жүзеге асқалы бері бірінші нарықтағы мәмілелердің саны белсенді арта түсті. «Баспана Хит» ипотекалық өнімі бірінші ғана емес, қайталама нарықтағы сауда-саттық белсенділігін одан әрі арттырып отыр. Сонымен қатар, қайталама нарықтағы тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің тұрақты бағасының индексін қалыптастырды», — деді Ермек Мүсірепов.
Оның айтуынша, бағдарламадан соң Қазақстанның тұрғын үй нарығы стагнациялық құбылыстан шығуы ықтимал. Жақында осы бағдарламалардың нәтижесінде тұрғын үй нарығында сату-сатып алу келісімдері жанданып, құрылыс индустриясы одан әрі дами түседі. Осыған орай банк секторында да жандану байқалады.
«Аталған бағдарламаны жүзеге асыру алдында тұрғындардың төлем қабілетіне қарай үй құрылысын ескеру керек. Сонымен қатар, алғашқы салымды жылжымайтын мүлікке ауыстыру керек. Жас отбасыларға қарыз тауқыметі батпау үшін алғашқы салымды мемлекет өз мойнына алуы тиіс. Бағдарлама бойынша ақпараттық, үгіт-насихат жұмыстарын жаңғырту керек», — деді сарапшы.
«Баспана» ипотекалық ұйымы төрағасының орынбасары Дархан Байқуатов қазақстандықтардың баспанамен қамтылу көрсеткіші жан басына шаққанда 21,6 шаршы метр екенін айтты.
Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін БҰҰ стандарты — 30 шаршы метрге жеткізуді тапсырды.
Айта кетсек, ҚР Ұлттық банкі төрағасы аталған бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы болатынын 5 мамырда айтқан еді. Ұлттық банк бекіткен бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар 7% жылдық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Келесі шарттарының бірі — алғашқы салым 20% болмақ. Жаңа ипотекалық займдарды ҚР кез келген азаматы ала алады. Ол үшін ең басты шарт — адамның басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Бағдарлама бойынша Алматы, Астана, Атырау қалаларынан ең максималды 25 млн теңгеге, қалған өңірлерде 15 млн теңгеге баспана сатып алуға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін жалпы саны 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болады.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша құны 50 млрд теңге болатын өтінім қабылдады. Оның ішінде 35 млрд теңгенің несиелері мақұлданды.