65 жастағы алматылық әжей неге түнгі клубта өнер көрсетіп жүр
Қысқа сілтеме алу
Алматылықтың айтуынша, ол осы уақытқа дейін балалары мен немерелерінің жағдайын жасау үшін аянбай тер төгіпті. Зейнетке шыққан соң, өзінің сүйікті ісімен шұғылдануды жөн көрген
НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik, Дәурен Ерболат. Алматыдағы Арбат алаңында өнер көрсетіп, халыққа танымал болған 65 жастағы диджей әжей музыка саласына қалай келгенін, қазір қайда өнер көрсетіп жүргенін, жаңа кәсібіне қатысты жақындарының не дегені туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.
Дүкенде сатушы болдым
Әжей өзінің шын есімін жалпақ жұртқа жария еткісі келмейді. Сондықтан өзін DJ А.K.A KEMPIR деп атауды сұрады. Ол ұзақ уақыт бойы Алматыда азық-түлік дүкенінде сатушы болып жұмыс істепті.
«Қазақстандықтар күнін көру үшін жанталасып жұмыс істейді ғой. Оның қатарында мен де болдым. 1990 жылдары дүкен аштым. Онда ұзақ жылдары бойы адал жұмыс істедім. Тауарға жауап бересің, оңай болған жоқ. Осы жұмыстың арқасында балаларымды оқытып-тоқыттым. Зейнетке шыққан соң, бұл жұмысты тастадым», — дейді тұрғын.
Ол қанша баласы бар екенін айтқысы келген жоқ. Тек 4 немересі барын, оның біреуі DJ екенін жеткізді. Әжей музыкалық аспапта ойнауды осы немересінен үйреніпті.
Танымал болып шыға келді
Кейін DJ А.K.A KEMPIR Алматы қаласындағы Арбат алаңында қалай өнер көрсеткенін есіне түсірді.
«Арбатта әртүрлі музыканттар өнер көрсетеді. Оларға қошеметтеп, қолдау көрсетеміз. Содан мен осы жерге барамын деп шештім. Немерелеріме «мені арбатқа апарыңдаршы» дедім. Олар маған музыкалық аспаптарды апаруға көмектесті. Сөйтіп, өнер көрсеттім. Ертеңінде танымал болып шыға келдім. Бұл жоспарда болмаған», — дейді әжей ағынан жарылып.
«Барлығы шок болды»
Жұлдызы жанған 65 жастағы тұрғын халық арасында танымал болғанына қуанғанын айтады. Бірақ кейбір туыстары мен құрбылары бұл жаңалыққа қуана қоймапты.
«Барлығы шок болып қалып қалды. «Ол сен бе?» деп сұрады. Алғашында олардың не айтып жатқанын түсінген жоқпын. Сөйтсем, туыстарым менің Арбатта өнер көрсетуімді айтыпты. Арасында «ооо, молодец» дегендері болды. Қарсы пікірлер де айтылды. Оған түкіргенім бар. Кейбірі «Ұят» дейді. Мен «Шаруаларың болмасын!» дедім. Маған ұят емес. Маған бұл жұмысым ұнайды. Сондықтан осы салада еңбек етіп жүрмін», — дейді ол.
Әжейдің DJ А.K.A KEMPIR деген лақап аты достарының арасында қалжыңдасып отырғанда шығыпты.
«Бұл псевдоним досыммен қалжыңдасып отырып, пайда болды. Ол маған «Кемпір, не былықтырып жүрсің?» деді. «Мен кемпір болсам, саған әлі көрсетемін» деп қалжыңмен жауап бердім. Сөйтіп, DJ А.K.A KEMPIR атанып кеттім», — дейді алматылық.
Түнгі клубта өнер көрсетіп жүрген әжей
65 жастағы әжей Алматыдағы түнгі клубтардан сұраныс түсе бастағанын қуанышпен жеткізді. Осы уақытта дейін 4 түнгі клуб пен кәсіпкерлер форумында өнер көрсетіпті. Арасында туған күніне шақыратындар да бар екен.
«Түнгі клубтармен немерелерім келіседі. Сондықтан олар нақты қанша ақша табатынымды біледі. Құдайға шүкір, денсаулығыма шағымым жоқ. Жастардың ортасында өнер көрсеткен сайын, күш-қуатым артып келеді. Клубта көбінесе түнгі 2-ден 4-ке дейін жұмыс істеймін. Арасында туған күнде өнер көрсетемін», — дейді ол.
Әңгіме барысында 65 жастағы алматылық тұрғын темекі шегіп, ішімдіктен алып қоятын әдеті бар екенін жасырған жоқ. Оның пікірінше, ол осы уақытта дейін балалары мен немерелерінің жағдайын жасау үшін өмір сүрген. Оларды өсіргеннен кейін өзі үшін өмір сүре бастаған.
«Арманды жүзеге асыру керек»
DJ әжей алдағы уақытта Қазақстанның қалаларын аралап, өнер көрсетуді жоспарлап жүр.
«DJ болып жүргеніме 5-6 айдай болды. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық қаласын аралап, өнер көрсетуді жоспарлап отырмын. Бұл мәселе бойынша немерелерім келіссөз жүргізіп жатыр. Қанша ақша табатынымды олар біледі.
Турды 6 айға деп жоспарлап отырмыз. Қалаларға ұшақпен барамын. Осы дұрыс сияқты. Себебі, уақыт үнемдейсің», — дейді алматылық тұрғын.
Тағы оқыңыз: Мақпал Жүнісова концертіне келген кейуананың қолын неге қайтарғанын түсіндірді — видео
Сөз соңында DJ әжей турдан тапқан ақшасын қайда жұмсайтынын нақты айта алған жоқ. Тек шетелге шығып демалуы мүмкін екенін жеткізді. Оның пікірінше, оған ақша қажет емес. Ең маңыздысы – балалары мен немерелерінің амандығы.
Сондай-ақ, ол бойда күш-қуат барда адам өзінің арманын жүзеге асырып қалуы қажет екенін айтты. Ал егер адам олай істемесе, бар өмірін өкінішпен өткізуі мүмкін.
sputniknews.kz