64 млн теңге жымқырған бухгалтер құмар ойынын ойнағанын айтады
Шымкентте 64 млн-нан астам теңгені жымқырғаны үшін сотталған мектептің бас есепшісі қолды қылған қаржының басым көпшілігін букмекерлік кеңсеге тіккен. Ал қалған қаржыға көлік алған, үйленген және шетелге шыққан. Бұл туралы ол сот отырысында мойындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ашық сот кабинетіндегі сот материалдарына сәйкес, бас есепші 2021 жылдың қыркүйек айы мен 2023 жылдың тамыз айы аралығында өзінің есеп шотына жалпы 16 906 873 теңгені, жұбайының атындағы есепшотқа 5 125 511 теңгені, осы мектептің тарих пәні мұғалімінің есепшотына жалпы 10 010 611 теңге, осы мектептің бұрынғы экономист маманының есепшотына 32 252 518 теңгені заңсыз аударған.
Ол бұл ақшаның бәрін олардың банк картасын қолдана отырып өзі шешіп алып, бас пайдасына жаратқан.
Бас бухгалтер сот отырысында қаржының көбін букмекерлік кеңсеге тіккенін мойындаған.
Айтуынша, құмар ойынға тәуелді болғандықтан өзін тоқтата алмаған.