60 жастағы қария төрт күн бойы ашық теңізде ас-сусыз жүзіп жүрді

0

Әлемде

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Малайзия тұрғынының қайығы аударылып, төрт күн бойы ашық теңізде қалып қойған

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Малайзия тұрғыны Джон Лоу төрт күн және үш түн Оңтүстік Қытай теңізінде құтқару шеңберімен жүзіп жүрді.

60 жастағы Джон қария дайвинг инструкторы болып істейді. Бір күні Тиомон аралының маңында теңіздің қатты толқынынан қайығы аударылыпты. Есін жиып үлгергенше, қайығы теңіз түбіне кеткен. Джон сөмкесі мен құтқару шеңберін ғана алып үлгереді, деп жазады The Telegraph.

Әуелі дайвер жаға дейін жүзіп бармақ болады. Бірақ қанша тырысқанымен, қатты ағыс ашық теңізге қарай алып кетіп, Джон жағадан мүлдем алыста қалған. Ол төрт күн бойы жападан жалғыз және ас-сусыз теңізде қалқып жүрді.

Құтқарылғаннан соң қарияның өзі айтқандай, ең қиыны жалғыздық болыпты. Әбден қиналған шағында жансыз заттармен әңгімелесе бастаған көрінеді.

Бір жағынан хал-жағдайы да мәз болмаған. Терісі күнге әбден күйіп, киімі тиген сайын қатты ауырсынады.

«Ашығаны басылсын деп, бетімді суға салатынмын. Бірақ қатты күйіп қалғаны сонша – 1000 инені қатар сұққандай сезілетін», — деп еске алады Джон.

Ашық теңізде қалқып жүрген Джон кездейсоқ табылыпты. Қасынан өтіп бара жатқан кеме байғұсты байқап қалған екен.

Қария өкпе инфекциясын жұқтырып, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігіне ұшыраған, сондай-ақ бүкіл денесі күнге қатты күйіп қалыпты.

Қазір Джон Лоу ауруынан құлан-таза айыққан.



sputniknews.kz