6 пәтер мен 19 люкс көлік алған: Қарағандыда ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері қызының еміне жиналған ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді
Қарағандыда ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері науқас баланың еміне жиналған ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағандылық заңгер Асхат Сұлубектің айтуынша, ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің бұрынғы қызметкері Алмас Маханов жұбайымен бірге 6 айдың ішінде 9 жылжымайтын мүлік, оның ішінде Астананың орталығында 6 пәтер және 19 люкс көлік сатып алған. Ал бұған дейін ерлі-зайыптылар қыздарын Кореяда емдету үшін 135 миллион теңге жинаған. Сәбиге қан қатерлі ісігі диагнозы қойылған екен.
«Бұл жерде олар бұл мүлікті қандай қаражатқа және не үшін сатып алды деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, тексерілуі керек”, – дейді заңгер Асхат Сұлубек.
Алайда, ерлі-зайыптылар шынында да қызын Оңтүстік Кореяға апарып, аурудан емделіп келген. Барлық ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланған.
Алмас Махановтың өзі түсініктеме беріп, қызы ауырып қалғанда барын сатып, несие алғанын, алайда ол ақшаның жетпегенін айтты. Сондықтан елден көмек сұраған. Қарызын өтеу үшін Алмас Маханов алып-сату арқылы ақша табуды жоспарлаған.
“Жылжымайтын мүлік сатып аламын, қайта сатамын, көлік сатып аламын, қайта сатамын. Мен достарымнан ақша алдым, сол ақшаны пайдаландым, ақша таптым, достарыма пайызымен төледім. Алаяқ іздеп жатсаңыздар, алаяқтық жоқ”, – дейді ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Алмас Маханов.
Алмас Махановтың айтуынша, ол пәтерлер мен көліктерді сатып, ақшасын қарыз берушілерге қайтармақ.
«Үміт сәулесі» балалар мен мүгедектерге көмек көрсету орталығының жетекшісі Татьяна Кравченко елде қайырымдылық арқылы ақша табудың схемалары жиі кездесетінін айтады. Оның айтуынша, ата-аналар балаларының емделуіне ақша жинауды өтініп ай сайын келеді екен, алайда дәлел сұрағанда арызданушылар із-түзсіз жоғалып кететін көрінеді.
Еске салсақ, бұған дейін “Біз біргеміз” қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған еді.