«6 ана, 13 бала келді»: Баян Мақсатқызының оңалту орталығына қабылдау басталды
Танымал продюсер, актриса Баян Мақсатқызы ашқан оңалту орталығына зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер келе бастағанын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Продюсер орталыққа енесінің атын бергенін айтқан еді.
“Бүгінде біздің оңалту орталығымызға 14 адам келіп түсті. 5 ана мен 9 бала жатыр. Ертең тағы да 1 ананы 4 баласымен қабылдаймыз. Қазір ол таныстарына барып, жасырынып отыр. Бұл біздің қоғамымыздың мәселесі. Осындай жағдайларды көріп отырып, өзім шок та қаламын. Одан кейін тағы әжеміз бар. Жасы 82-де. Жиенінен қорлық көріп, біздің орталықты паналап отыр”, – деп жазды продюсер.
Сонымен қатар продюсер орталықтың құрылудағы мақсатын да түсіндірген еді.
“Біздің орталық құтқарушы емес. Бақытты отбасыға арналған орталық болмақ. Орталық үлкен, жарқын, жайлы, жүзге жуық әйелді қабылдауға дайын. Бізде жетекші мамандар, яғни ең жақсы психологтар, заңгерлер, медицина қызметкерлері, тәрбиешілер, оқытушылар жұмыс істейді. Барлық әйелді қалай құтқаруға болады? Білмеймін, бұл мүмкін емес шығар. Бұл мәселеге қатысты қоғамның ойы мен көзқарасын өзгертуге болады. Зорлық-зомбылыққа жол жоқ”, – деп жазды продюсер.
Еске салайық, оңалту орталығын ашу продюсердің көптен бері жоспарлап жүрген жобаларының бірі екенін жазған едік.