580 адам өлді: Оңтүстік Корея президенті билік атынан елден кешірім сұрады
Оңтүстік Кореяда бір күнде арнайы тест қорытындысы 1030 адамның Covid жұқтырғанын анықтаған. Коронавирус пандемиясы басталғалы бері Оңтүстік Кореяда алғаш рет бір күнде осынша көп науқас тіркеліп отыр деп хабарлады жексенбі, 13 желтоқсан күні Батыс басылымдары, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
Осыдан бір күн бұрын елде 950 адамның тест қорытындысы оларға вирус жұққанын көрсеткен еді. Бірақ жексенбідегі көрсеткіш бұдан да асып кетіп отыр. 12 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин жағдайдың өте ауыр екенін айтып, коронавирус пандемиясының екінші толқынын ауыздықтауға биліктің қауқарсыз болып отырғаны үшін елден кешірім сұрады.
Вирус жұқтырған науқастардың басым көпшілігі Сеулдегі ауданнан анықталып жатыр деп хабарлайды ресейлік «Интерфакс». Елде қатаң шектеу шарасы енгізілгенімен індет бой бермей, жағдай күрделі болып тұр. Коронвирус қаупіне байланысты 50 адамнан көп кісі қатысатын шара өткізуге тыйым салынған, спорт жарыстары көрерменсіз өтеді. Дәмханалар тапсырыс бойынша тамақты үйге жеткізіп беруге көшкен, ресторандар сағат 21:00-де жабылады.
Билік бұдан да қатаң шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болуы мүмкін екенін айтады. Мысалы, мектептерді жауып, қатысушы саны 10 адамнан аспайтын шараға, сол сияқты, жұмысын қашықтан істеуге келмейтін ең маңызды қызметкерлерге ғана жұмыс орнына баруына рұқсат берілуі мүмкін.
Оңтүстік Кореяда пандемия басталғалы бері 42,7 мың кісіге коронавирус жұққан, 580 адам қайтыс болған.