55 мыңнан астам тұрғынға  бір реттік өтемақы беріледі

0

Төлемақы екі-үш апта көлемінде төленеді деп жоспарланып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде — Sputnik. Жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының 55 мыңнан астам тұрғынына 100 мың теңгеден берілмек, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Бірінші кезекте 55 602 тұрғынға (Арыс қаласы – 44 994 адам, Ақдала ауыл округі –4 324 адам, Қожатоғай ауыл округі – 4 232 адам, Дермене ауыл округі – 2 052 адам) 100 мың теңгеден жалпы 5,6 миллиард теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр», — деп жазылған хабарламада.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Қазақстан үкіметінің резерві есебінен 3 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге және арнайы құрылған «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан  1,6 миллиар теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

Жергілікті тұрғындардан құжаттарды қысқа мерзімде жинауға Арыс қаласындағы 17 секторда бекітілген тиісті мамандар және аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері жұмылдырылды.  Олар 2019 жылдың 3 шілдесінен бастап өтемақы алуға өтініштер қабылдауда.

9 шілде сағат 17:00-дегі мәліметі бойынша  58 207 тұрғыннан құжат жинақталды.

Төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстықтарға бағытталған бұл төлемақы екі-үш апта көлемінде төленеді деп жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Арыс қаласындағы  төтенше жағдайға байланысты Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин 2019 жылдың 29 маусымында арыстықтарға 100 мың теңге көлемінде бір реттік өтемақы беру жөнінде тапсырма берген еді. Бұл – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында тұрған мәселе. 

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылысқа не себеп болды — прокуратура жауабы

Ресми деректерге сүйенсек, оқиға салдарынан үш адам қаза тапқан – екі әскери қызметкер мен бір жергілікті тұрғын.

Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні тұрғындар Арыс қаласына қайтты.



sputniknews.kz