530 км: Жедел көмектің жоқтығынан Жезқазған инсульттен зардап шегуде

0

Дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегеннің кесірінен 61 жастағы анасынан айырылған Алматы қаласының тумасы Әсет Сейтмағамбет қазір алғашқы медициналық көмек, инсульт тақырыбына байланысты зерттеу жүргізуде. “Адырна” ұлттық порталының тілшісі Інжу Өмірзақ Әсет мырзамен тілдесіп, кеңірек әңгіме өрбітті.

-Анаңыздың қазасы қайырлы болсын. Жалпы, өзіңіз куә болған жайтты тағы бір рет кеңірек баяндап берсеңіз?

-Хронология бойынша тағы айтып кетер болсам, анам Жезқазған қаласында тұрған. Жасы — 61-де.

Зейнетке шыққан, алайда денсаулығынан ешқашан кінәрәт туындаған емес. Өзім Алматыда тұрамын. Желтоқсанның 20-сы шамасында анамның денсаулығы күрт сыр беріп, өзін жайсыз сезінеді. Басы айналып, дереу жедел-жәрдем қызметін шақырады, бірақ олар алып кетпеді. Тек қажетті дәрілер тізімін жазып берді. Кейін 21-ші желтоқсанда анам өзі Жезқазған қаласына ауруханаға барды. Оның басын тексеруден өткізіп, дереу ауруханаға жатқызады.

Оның миынан кан ағып, инсульт алғаны белгілі болды. Дәл сол уақытта ауа-райының қолайсыздығына байланысты поез да, ұшақ та болмайды.

Кейін дәрігерлер емдей алмайтындарын айтып, Қарағанды қаласына бару керектігін айтады. Бағана айтып өткендей ауа-райының қолайсыздығынан және денсаулығының ауыр деңгейіне байланысты 4 күн ұшақ күтуіне тура келді.

Тек жұма күні ғана санавиация ұшағымен Қарағанды қаласына дереу жеткізеді. Ұшақта анаммен бірге дәл сол диагнозға шалдыққан қатарлас науқас та бірге жеткізіледі.

Олар ауруханаға жедел жеткізілгенімен беймәлім себептерге байланысты операцияны бірден бастамайды.

Неге екені белгісіз, бірақ тура екі күннен кейін ғана аптаның бірінші күні 27-ші желтоқсанда жансақтау бөлімінде 7 сағатқа дейін операция жалғасады.

Операциядан кейінгі жағдайы өте ауыр болады. Арада ұзамай екі күн өткен соң 30-шы желтоқсанда анам көз жұмды.

Бұл хабарды айтқан кезде төбемнен жай түскендей болды. Ал Жезқазған қаласы неге емдемегенін түсіндіріп өтейін.

Негізі Қ.Р. бойынша «инсульттік қызмет» бойынша түрлі орталықтар жұмыс жасайды. Олар үш деңгейге бөлінеді. Ең қиын 3-ші деңгейлерде күрделі операцияларды жасайды.

Ал Жезқазған қаласы тек 2-ші деңгейдегі операцияны ғана жасай алады. Олардың түсіндіргені солай болды. Мен өзім денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдаған едім. Олар ішкі тексеріс үстінде.

Маған барлығын бүгей-шүгесіне дейін қарастырып, 15-20 күн ішінде сауалыма жауап беретіндерін айтып, уәде берді.

-Әр аудан, ауылда алғашқы медициналық көмек көрсетілетін аурухана бар. Алайда алғашқы көмек көрсетуге қауқары жете ме? Халық қалаға жете алмай дал болады…

-Сіздің сауалыңызға тек инсульт бағыты бойынша жауап берейін.

Себебі, дәл қазіргі сәтте осы бағытты зерттеу үстіндемін. Жалпы түсінгенім бойынша Қазақстанда 70 «инсульт орталығы» бар. Бірақ тек облыс орталықтарында  және ерекше маңызы бар қалаларда мәселен Алматы, Астана, Шымкент қалаларында ғана ең қиын 3-ші дәрежедегі операция мен оталар жасалады.

Ал кішкентай қалалар мен аудандарда мұндай күрделі операцияны жасауға қауқарсыз екенін анықтадым. Ал анамның жағдайына келер болсам, Жезқазған қаласы тек диагнозын анықтап бере алды. Жезқазған мен Қарағанды қаласының арасы —  530 км.

Осы аралыққа науқастар жетем дегенше не мүгедек боп тынады, не өмірден ерте қош айтысады. Оған уақыт пен жол арасының алыстығы алғашқы себеп болып отыр.

-ДДСҰ мәліметі бойынша әлемдегі 85% адам жүрек-қан тамырлары, инсульттан дүние салады. Демек, бұл біздің елде де өте актуалды мәселе. Біздің еліміз неге әлі бұл жағдайға бей-жай қарауда?

-Иә, дұрыс айтасыз. Қазақстан осы ахуал аясында алғашқы орындардан бой көрсетіп тұр. Инсульт бойынша көз жұмғандар саны бойынша — 2-ші орын алады.

Еліміз бұған бей-жай қарамауда. Оған түрлі факторларды қолдан келгенше жасап келеді. Әуелі адамдардың өзі де денсаулығына көңіл бөліп, алкоголь, темекі сынды зиянды тұтынулардан бас тартуы керек.

Артық салмақпен күресіп профилактикадан уақытылы өту керек. Сондықтан екі тарап та жауапкершілікті қатаң сақтауы керек. Мемлекет қолдауымен жыл сайын орталықтар ашылып жатыр. Алайда адамдар арасында инсультке шалдыққандар саны артып келеді.

Инсульттің пайда болуы — бұл үлкен себеп. Сол үшін оның алғашқы белгілері көрінген сәтте-ақ, жедел тексеруден өтіп, аурудың алдын алу керек.

Қан қысымын тексеруді қолға алып, ем-шараларын жасауы тиіс. Көп адамдар оны елемегенінің әсерінен әлгіндей жағдайларға душар болып отыр.

-Білікті мамандар тек қалада. Әр сала бойынша білімді дәрігерлерді аудан,ауылға тағайындау туралы бағдарламалар керек секілді?

-Мен өзім медицина саласының қызметкері емеспін. Бірақ зерттеулерім бойынша расымен де шалғайдағы аудан мен ауылдарда білікті маман тапшы екеніне көзім жетті.

Бірақ көп дәрігерлер жалақасы мен болашағын ойлап, жаппай маңызды орталықтарға көшуде.

Әрине, саналы түрде алғанда олардың да жағдайын жақсы ұғынуға болады. Жоғары жалақыдан, шексіз мүмкіндіктен кім бас тартқысы келеді?

Мысалы, 11 ақпан күні Қарағанды қаласы бойынша қала әкімі — Жеңіс Қасымбек онлайн кездесу өткізді. Барлық басқарма төрағаларының басын қосты.

Сол кезде денсаулық басқармасының басшысы 20 минут сөз сөйледі. Өз сөзінде Қарағанды облысы бойынша жас мамандарға пәтер бергізіліп жатқанын айтып өтті.

-Коронавирус пандемиясы жүрек ауруларына қалай әсер етеді? Жүрек аурулары бар тұлғалар вакцина алғанда нені ескергені жөн?

-Білуімше, адамның короновирусқа шалдығуы оның сол ауруға дейінгі жағдайына яғни иммунитетіне байланысты.

Ал анамның жүрек ауруын коронавируспен байланыстыруды ақылға қонымсыз деп ойлаймын.

Бірақ менің іздеген дереккөздерім бойынша, инсульттен көз жұму пандемияға қарамастан орын ала беретін ауыр да күрделі ұғым болып отыр.

-Жыл өткен сайын инсульт жасарып келеді деген дерек бар. Жастар арасында жүрек ауруының тарауы не себептен деп санайсыз?

-Менің пайымдауымша, инсультпен жастар да күресіп жатыр. Кезінде 50-55 жастан асқандар ғана аталған ауруға шалдықса, қазір бұл 40-45 жас аралығындағы жастар арасында да тарауы белең алып келеді.

Оның барлығы өзіне көңіл бөлмеуінің айқын көрінісі. Бұл әуелі жүйкеге әкеліп соғады.

Қоғамдағы көп дүниелер жүйкеге кейін қан қысымна, ал қан қысымы гипертонияға әкеліп соғады.

Осылайша оның нәтижесі инсульт болу деңгейінде жыл сайын арта береді. Инсульт жыл сайын тез өседі.

Оны алдын ала тексеріп, ем-шарасын өткізбесе, соңы жақсылықпен аяқталмауы мүмкін.

-Алдын-ала тексеру, ауруды алдын-алу аппараттарының дамытылуы жағынан қандайда бір науқан ұйымдастырылуы қажет пе?

-Әр адам 40 жастан асқан соң өзінің қан қысымын тексертуі артық етпейді. Қарапайым зерттеулерден өтсе, гипертонияның бар жоғын дәрігерлер анықтап бере алар еді.

Сізге бұндай науқан туралы мысал айтып өтейін.

Осыдан 5 жыл бұрын мемлекет тарапынан ақпарат жақсы таратылып, әйел адамдардың скринингтен, мамографиядан өтуіне жақсы жағдай жасалған еді.

Мемлекет осы арқылы аурулардың алдын алуға, әйел адамдардың денсаулығына көңіл бөлді.

Сол сияқты инсультты да дәл осы бағытта тексеруді қарастыруы жақсы болады.

Бұл мәселе алдағы уақытта мемлекет тарапынан оң шешім табады деп үміттенеміз. 

Егер денсаулық сақтау ұйдары күш біріктірер болса, мәселе шешімі жедел реттеледі деп ойлаймын.

Сұхбаттасқаныңызға алғыс! 

Інжу ӨМІРЗАҚ