52 өзбек өртеніп кеткен автобустың иесі Ташкентте ұсталды

0
52 өзбек өртеніп кеткен автобустың иесі Ташкентте ұсталды


Биыл қаңтарда болған автобус өртінен кейін 46 жастағы азамат мемлекетаралық іздеуге жарияланған.

Өзбекстанның 52 тұрғыны өртеніп кеткен автобустың иесі Қазақстан азаматы Ташкентте ұсталды, деп хабарлайды Өзбекстан астанасының бас ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі.

«Автобустың иесі  — Қазақстан Республикасының 46 жастағы азаматы О. М., ол Қазақстанның құқық қорғау органдарына келмей, тергеуден қашып жүрді. Қазақстан Республикасында оған қылмыстық кодекстің 348-бабының 4-бөлімі «Көлік құралдарын дұрыс жөндемеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалану» бойынша айып тағылды», — деп жазылған хабарламада.

Бірлескен жедел-іздестіру шаралары кезінде мемлекетаралық іздеуден жүрген қазақстандық Ташкенттің Сергелі ауданында ұсталған. Ішкі істер басқармасының хабарлауынша, қазақстандықты экстрадициялау мәселесі шешілгенше ол Ішкі істер министрлігінің жазаны орындау бас басқармасы мекемелерінің бірінде отырады.

«Ұсталған адамды Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тапсыру рәсімі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық құқықтық келісімдерге сәйкес жүргізіледі», — деп хабарлады өзбекстандық құқық қорғаушылар.

Естеріңізге салайық, 18 қаңтарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Самара — Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болды, барлығы Өзбекстан азаматы. Тергеу барысында анықталғандай, өртенген көліктің жолаушылар тасымалын жүргізуге рұқсаты жоқ. Оның үстіне, техникалық байқаудың мерзімі өтіп кеткеніне екі жыл болған – Шымкентте 2015 жылы 17 тамызда техникалық байқаудан өтіп, құжат 2016 жылдың 17 ақпанына дейін ғана жарамды болған.

Дереккөз: Sputniknews.kz