5000 теңге мен бір бөтелке арақ үшін секс-құлдықта болған қыздың анасы: Өзі кінәлі!
Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданының тұрғыны Әйгерім (қыздың есімі өзгертілді — ред.) 10 жыл бойы секс-құлдықта болған. Оны құлдықта ұстаған қойшы үй шаруасына пайдаланғанымен қоймай, зорлық көрсетіп, ұрып-соққан. Әйгерім бірнеше рет қашуға тырысқан. Алайда қойшы қайда қашқанын анықтап, қайтадан құлдыққа салады.Тіпті полицияның өзі қылмыскерлерге көмектескені анықталды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі caravan.kz сайтының дерегін негізге алып.
14 ақпанда Әйгерімнің әпкесі полицияға арыз жазғаннан кейін ғана тергеу ісі жүргізілген. Қазіргі таңда Әйгерім Алматы қаласындағы қауіпсіз жерде.
27 жастағы Әйгерім қазір кез келген дыбыстан шошынады. Ол «құлдықта ұстаған жауыздар қайта зорлайды» деген үрейден арыла қоймаған. Әлі күнге дейін өзін құлдықта ұстаған Нұрқанат пен Зараның (есімдері өзгертілген — ред.) қайта алып кетуінен, олардың досы ішкілікке құмар Сәкен деген кәрі шалдың ұрып-соғуынан қатты қорқып қалған.
Оны өз қамқорлығына алған адвокаты Айман Омарованың айтуынша, Әйгерімнің сау тамтығы қалмаған. Бүкіл жері көгерген.
«Қойшылар келіп іше бастады, сосын мені зорлады»
Әйгерім қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. Оның ата-анасы және әпкесі болған. Әкесі дүниеден өткен кезде Әйгерім әлі есін білмейтін бала болған. Ал анасы қайта күйеуге шыққан соң олар Жамбыл облысының Жуалы ауданы Нұркент ауылына көшеді. Қаршадай қыз тіпті мектепті де аяқтай алмапты.
«17 жасымда мені көрші еркек зорлады. Мен бұл туралы туысқандарыма айтып берген едім. Кейін олардың менің отбасыма деген көзқарасы күрт өзгере бастады», — дейді Әйгерім.
Бұл сорақылықты естіген Әйгерімнің анасы де ешқандай шара қолданбаған.
«Анам полицияға арыз берген жоқ. Неге екенін білмеймін. Ол «өзің кінәлісің» деп қана айтты. Анамның әпкелері дер кезінде арыз бермегені үшін анама ұрысқан еді», деп еске алды өткенін 27 жастағы Әйгерім.
Осы жағдайдан кейін оның аяғы ауырлап қалған. Мектеп директоры болса құжаттарды алып кетуін талап еткен. Кейін 10-сыныпқа өткізбей, оқудан шығарып жіберіпті.
Жүктіліктің 6 аптасында Әйгерімді Тараздағы ауруханалардың біріне апарып, жасанды түсік жасауға мәжбүрлейді.
«Осы жағдайдан кейін мен анамның әпкесінің үйінде тұрдым. Омырауым, асқазаным ауырды. Мен не істеу керектігін білмедім. Ал кейін әпкем мені қайта үйіме жіберді. Үйіме барған соң өгей әкем үйге сыйғызбай қуып жіберді. Баратын жерім болмағандықтан көшеде, малдармен бірге сарайларда, құрылыс орындарында түнеуге тура келді», — деді Әйгерім.
Солай көшеде түнеп жүрген күндердің бірінде оның өмірі түбегейлі өзгереді. Көшеде үш жігіт ұстап алып, Әйгерімнің аузына зорлап арақ құйып, шопанның үйіне апарады. Кейін шопан 17 жастағы қызды бір қойға сатып алады.
Құлдықта ұстаған Сәкен деген шопанның әйелі қайтыс болған. Ал балалары болса бөлек тұрады. Әйгерім 10 жыл бойы малға қарап, тамақ әзірлеумен болған.
— Шопан сені ұрды ма?
— Ұратын. Ол бірде «маған тұрмысқа шық», — деді. Ал мен оның қызымен жасты екенімді, оған тұрмысқа шықпайтынымды айттым. Осыдан кейін ол мені «аттың құйрығына байлап сүйреймін», — деп қорқытты. Содан кейін шопанның үйіне көрші ауылдың шопандары қонаққа келді. Олар ішіп алып, мені зорлады. Мен олардан қатты қорқатынмын.
«Қашсаң да бәрібір тауып аламын», — деп қорқытатын»
Әйгерім қойшының жанында 10 жыл бойы болған. Қонақ болмаған кезде таңғы 7:00-де тұрып, кешкі 20:00-де жататын болған. Әйгерім көбінесе макаронды азық қылғанын, ет берген күннің өзінде өте аз мөлшерде болғанын, сүт, жеміс секілді тағамдарды мүлде көрмегендігін, газет, журналды тіпті адаммен тілдесуді ұмытқанын айтады.
«Бірнеше рет қашып шығуға әрекеттеніп көрдім. Бірақ біраз уақыттан кейін Нұрқасым мен Зара мені қайта шопанның үйіне әкеліп тастады», — дейді Әйгерім.
Бірде Әйгерім туысқандарының үйіне қашып барады. Алайда бұл жолы да жолы болмады. Себебі туысқандары Әйгерімге сатқындық жасайды. Олар Әйгерімді іздеген адамдардан 5000 теңге алып, Әйгерімді қылмыскерлердің қолына тапсырады.
Біраз уақыттан кейін Әйгерім шопанның үйінен тағы да қашып шығады. Бұл жолы ата-анасынан пана сұрайды. Алайда бұдан да ештеңе шықпады.
«Бір күні қашып үйіме келдім. Мені зорлағандар артымнан іздеп келді. Ата-анамды араққа мас қылып, мені қайта алып кетті», — деп айтты 10 жылын құлдықта өткізген Әйгерім.
— Сен оларға үйіңе қайтқың келетінін айттың ба?
— Айттым, бірақ олар мені жіберген жоқ. Қанша қашсам да бәрібір ұстап алатындығын айтты. Тауға да барып жасырындым. Қасқырлардың, шибөрілердің даусынан қатты қорықтым. Бірақ олар мені бәрібір тауып алды.
— Саған киім мен керекті заттарды кім берді?
–Сәкен берді. Қыстық аяқ киім мүлде болмайтын, тек резеңке етікті ғана киетінмін. Қыста суық тигізіп алдым. Ол дәрі әкеп берді. Ауырған күннің өзінде де жұмыс жасайтынмын, себебі одан қатты қорықтым.
— Сені арақ ішуге қойшы мәжбүрледі ме?
–Мен мүлде арақ ішіп көрген емеспін, ол жерде де ішкен жоқпын. Бір күні қойшы маған ұялы телефон алып берді. «Мен саған телефон алып бердім, енді сен осы жерде жұмыс істеуге міндеттісің», — деді.
Әйгерім телефонды алған бойда әпкесіне қоңырау шалып, оған бар мән-жайды түсіндіреді. Шопанның үйінен кеткісі келетіндігін, қанша қашуға тырысса да, олардың қолына қайта ұсталып қала беретінін айтып, әпкесінен ақыл-кеңес сұраған.
Әпкесі оған ол жерден қашып шығып, тез арада күйеуге шығу керектігін айтады. Бірақ қашып шыққанымен Әйгерім қайда барады? Үйінде араққа салынған әке-шешесі, ешкімге керек емес.Тіпті құжаттары да болмаған. Бірақ ол қайтадан қашып кетіп, әпкесінің үйіне барады. Әпкесі оны бір жігітпен таныстырады және олар ары қарай бірге тұрады. Бірде жігіті үйінде болмаған кезде шопан білдірмей үйге кіріп, Әйгерімді қайта зорлықпен алып кеткен.
Сөйтіп Әйгерімнің құлдықтағы өмірі қайта басталды. Әйгерімнің жоғалғанын естіген әпкесі бірден полицияға арыз жазып, КТК телеарнасының журналисі Жазира Бердалыдан көмек сұрайды. Олар оқиға орнын бәрін видеоға түсіріп, Әйгерімді қойшының үйінен алып кетеді.
Айман Омарова 27 жастағы Әйгерімнің ауыр тағдыры жайында әлеуметтік желіде ой бөлісті. Оның хабарлауы бойынша, Жамбыл облысы бойынша полиция бөлімінің қызметкері лауазымына мынадай түсініктеме берген:
2019 жылдың 13-ақпанында азамат Б.М. Жуалы ауданының полиция бөліміне 10 жыл бойы сіңілісін заңсыз ұстаған азаматтарға қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш білдірді. Аталмыш факт бойынша Жамбыл облысы ЖП-ның Жуалы ауданы, Жамбыл облысы бойынша тергеу амалдары жүргізілді. Тергеу барысында жәбірленушіден жауап алынып, қылмыстың куәгерлері анықталды. Сондай-ақ тиісті сараптама жасалды. Зардап шеккен тараптың барлық дәлелдері тексерілді. Өтініш берушілердің пікірінше, қылмыс 10 жыл бұрын болған. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Егер полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері анықталса оларға қарсы тиісті шаралар қабылданатын болады.
Айман Омарова шаруа қожалығының иелерін, зорлық көрсетушілерді, барлығын қамтыған адамдарды түгелімен тексеру қажет екенін тілге тиек етті. Заңгердің айтуынша, Әйгерім жұмыс істеген үлкен шаруа қожалық Нұрқасым мен Зараға тиесілі емес. Ол 10 жыл бойы Әйгерімді құлдықта ұстаған шаруа қожалықтың иесі жоғары лауазымды қызметкер болуы мүмкін екенін айтты. Сол себепті полиция қызметкерлері ешқандай шара қолданбаған.
“Жұмыс істеп, ақша тапқым келеді”
— Әйгерім, бұл сұрақты қойғаным үшін алдын ала кешірім сұраймын. Алайда осынша сұмдықтан кейін өмірден күдер үзбеуіңе не себеп болды?
— Арман. Менің басқалар секілді бостандықта, еркін өмір сүргім келді. Ешкімнің мазақ қылып, келеке еткенін қаламадым.
Қазір Әйгеріммен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ол өзіне қорлық көрсеткендердің тиісті жазасын алғанын қалайды. Сондай-ақ алдағы уақытта жұмыс істеп ақша табуды мақсат етіп отыр.
Айта кетсек, халықаралық көші-қон ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстандағы адам саудасының құрбанына айналған 122 адамға көмек көрсетілді (Қазақстаннан 36, Өзбекстаннан 82, Ресейден 3, Украинадан 1).
Аударған: Фариза Жомартқызы