500-ден астам адам Шымкент мешітін паналап отыр

0

Жарылыс кезінде ата-анасынан адасып қалған балалар туралы мәлімет әлеуметтік желі арқылы таралуда

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Түркістан облысының Арыс қаласындағы жарылыс кезінде жаппай үдере көшкен халықтың бір бөлігі Шымкент қаласындағы орталық мешітке орналасып жатыр.

Орталық мешіттің бас имамының орынбасары Мұхаммеджан Естеміровтың айтуынша, қазірге дейін орналасқандардың саны шамамен 500-ден асқан. Сонымен қатар, ата-анасынан адасып қалған, балабақшадан, лагерьлерден әкелінген балалардың саны 200-ге жуықтаған, деп хабарлады Ernur.kz.

«Мүмкіндігінше ата-аналарына хабарласып, телефон арқылы ақпарат таратып жатырмыз. Балалар, әсіресе, балабақша жасындағы балалар көп. Қазір мешіттің жанындағы медресенің жатақханасын босатып, сонда орналастырып жатырмыз. Барынша көмек беруге тырысып бағудамыз. Қала халқына рахмет, су, азық-түлік алуға көмектесіп жатыр», — дейді бас имамның орынбасары.

Арыстағы жарылыс

Дүйсенбі Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жойқын жарылыс болды. Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын хабарлады.  

Тағы оқыңыз: Шымкент ауруханасына Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер жеткізіле бастады

Арыс тұрғындары шұғыл түрде Шымкент қаласына көшіріле бастады. Қалада 43 мыңға жуық халық тұрады. 

Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Оқиға орнына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жетті. 

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда арнайы штаб құрылып, әскерилер мен құқық қорғау органдары төтенше жағдай орнында жұмыс істеп жатыр.  



sputniknews.kz