50 адам әлі ауруханада жатыр
Ауыр жарақат алған төрт адам Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жеткізілді
НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым — Sputnik. Арыстағы жарылыстар кезінде зардап шеккен 50 адам ауруханада жатыр. Бұл туралы науқастармен кездесу кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта 50 науқас ауруханада ем қабылдап жатыр. Ауыр жарақат алған екі адам Нұр-Сұлтан қаласына, тағы екі адам Алматыдағы емдеу мекемелеріне жеткізілген.
«Қажетті дәрі-дәрмек бар, медициналық көмек штаттық режимде көрсетіліп жатыр», — деді Біртанов.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, қазір Арыс халқына медициналық көмек көрсету үшін 17 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Бұл іске төрт жылжымалы кешен, Ұлттық сараптама орталығының 18 қызметкері мен 2 жылжымалы зертхана жұмылдырылған.
Тағы оқыңыз: Арыста қанша үйдің күлі көкке ұшқаны белгілі болды
Сондай-ақ, радиациялық бақылау тобы Арыс аумағын тексерді.
«518 зерттеу жүргізілді. Радиация деңгейі санитарлық нормаларға сай. Сондай-ақ жарылыс аумағындағы жер қыртысы тексерілді», — деді Біртанов.
Министр атмосфералық ауа елуге жуық рет тексерілген атап өтті. Микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштерді зерттеу жұмыстары жүргізілген. Олар да нормаға сай.
Арыстағы жарылыстар
24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.
Жергілікті тұрғындардың үрейі үшіп, үйлерін тастап қаша бастады. Халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.
Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.
Қорғаныс министрі төтенше жағдайдың алдын ала себептерін атады. Оның айтуынша, жарылыстарға электр желісінің тұйықталуы, оқ-дәрідегі химиялық реакция, диверсия, бөтен бір заттың тиіп кетуі, шөптің жануы себеп болуы мүмкін.
Саперлер қаланы тазартып, 28 маусымда тұрғындар үйлеріне орала бастады.
Кеше үкімет басшысы Асқар Мамин Арыстың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден берілетінін мәлімдеді.
sputniknews.kz