5 өңірдің білім басқармалары ноутбукқа бөлінген қаражатты жымқырған

0
3481

Қашықтан оқыту кезінде балаларды компьютермен қамтамасыз ету үшін бөлінген қаражатты жымқыру фактілеріне қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров Antikor орталығында өткен брифингіде айтты.

«Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 650-ге жуық сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. 60 лауазым иесі ұсталып, 57 адамға қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қабылданды», – деді Д. Бекайдаров онлайн брифингіде.

Сонымен қатар ол ҚР Үкіметі резерві есебінен ағымдағы іс-шараларды жүргізу бағдарламасы бойынша компьютер, планшет пен ноутбук сатып алуға 2020 жылы бөлінген бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істер тергеліп жатқанын айтты. Осы орайда білім беру басқармасының лауазым иелеріне қатысты еліміздің бес өңірінде 6 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Қаражат қашықтан оқыту кезінде табысы аз отбасылардың балаларын компьютермен қамтамасыз ету үшін бөлінген болатын. Аталған сотқа дейінгі тергеу мемлекеттік ішкі аудит актілері негізінде тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деді Данияр Бекайдаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Солтүстік Қазақстан облысында білім беру бөлімінің қызметшілері табысы төмен отбасылардың балаларына арналған ноутбуктерді жымқырды деген күдікке ілікті.