«5 адамнан артық емес»: Отандық супермаркеттерде карантин кезіндегі жаңа ережелер қалай сақталып жатыр — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда азық-түлік дүкендерінің жұмысына да карантин ережелері енгізілді. Азық-түліктен басқа зат сататын, қызмет көрсететін жерлер түгел жабылады. Тек азық-түлік сататын дүкендер ғана жұмыс істейді. Бір мезетте дүкенде адам саны бесеуден аспауы, ал кезек 1,5-2 метрден артық болмауы тиіс және қашықтық арнайы сызықпен белгіленуі керек. Stan.kz тілшісі Magnum дүкендер желісінің PR-менеджері Дмитирий Шишкинмен хабарласып, супермаркеттерде бұл талап қалай сақталып жатқандығы туралы білді. 

Дмитри Шишкиннің айтуынша6 супермаркеттер желісінде аталған шаралар қолға алынып, арнайы сызықтар қойылған. Дегенмен 5 адамға қатысты талап Magnum сияқты ірі сауда орындарында сақталуы мүмкін емес дейді ол.

«Бұл ұсыныс ретінде айтылды. Біздің жағдайда жүзеге асыру мүмкін емес, себебі бізде өзіне-өзі қызмет көрсету дүкендері және келетін халықтың саны көп. Карантин жағдайында ескертулерден құлағдар ететін ішкі радио жұмысын атқарып жатыр. Сонымен қатар парақшалар үлестіріп, арнайы плакаттар ілініп тұр», — деді Magnum дүкендер желісінің PR-менеджері. 

Қазақстан бойынша 67 супермаркеті бар желінің өкілі қазір азық-түлікті сатып алушыларға қатысты дүрбелең жоқ екенін, дегенмен әлі де халықтың қарасы көп екенін де айтты. 

Естеріңізге сала кетсек, кеше Алматыда азық-түлік дүкендерінің жұмысына да карантин ережелері енгізілді. Жаңа талап бойынша сауда нүктелеріндегі кезекте 5 адам ғана қатар тұруы шарт. Жаңа талаптарға сай, дүкендерде 5 адамнан, ұзындығы 1,5-2 метрден артық кезек болмауы тиіс. Бұл қашықтық арнайы сызықпен белгіленуі керек. «Осы талаптарды орындамаған сауда орындары міндетті түрде жабылады» делінген әкімдік таратқан ескертпеде. 

stan.kz