481 мың теңге: мемлекеттік қызметшілерге «рахмет» айтқан азаматтар жазаланды
Жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосы қазақстандықтарды Жаңа жылға мемлекеттік қызметшілерге сыйлық бермеуге шақырады
АСТАНА, 22 желтоқсан — Sputnik. Мемлекеттік қызметшілерге сыйлық жасаған қазақстандықтарға ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің маманына 600 теңгенің конфетасын сыйлаған әйел әкімшілік жауапқа тартылған. Оған 481 мың теңге айыппұл салынды.
Желтоқсандағы мерекелердің қарсаңында Солтүстік Қазақстан статистика департаментінің екі қызметкеріне екі торт сыйлаған ер адамға да осынша айыппұл салынды. Әрбір тәтті «рахметтің» құны үш мың теңгеден аспайды, деп хабарлады мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Қандай сыйлық үшін қылмыстық жауапқа тартылуыңыз мүмкін?
Жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосы жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарды мемлекеттік қызметшілерге «рахмет» айтудан бас тартуға шақырды. Егер сыйлықтың құны 2 айлық есептік көрсеткіштен (4810 теңге) асып түссе, «рахмет» айтушы азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
«Бір қарағанда сыйлық жасау зиянсыз болып көрінгенімен, оның жемқорлықтың көрінісі ретінде қоғамдық қаупі бар. Бұл биліктің абыройына нұқсан келтіріп, қоғам алдында беделін түсіреді», — деп есептейді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктегілер.
Егер сыйлық беру немесе алу оқиғасының куәгері болсаңыз, тәулік бойы жұмыс жасайтын 1424 нөміріне хабарласа аласыз. Сонымен қатар, азаматтар агенттік төрағасының ресми блогына хат жазып қалдыра алады.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/