42500 теңгені алу үшін жалған мәлімет бергендерді қандай жаза күтеді? — Қазақстан жаңалықтары

0

42 500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы алу үшін өзі туралы жалған ақпарат бергендер жауапкершілікке тартылатыны туралы Еңбек министрлігі ескерткен еді. Stan.kz тілшісі заңгерлерге хабарласып мұндай заңбұзушылықтың жазасы қандай болатынын сұрап көрді. 

Танымал заңгер Айгүл Орынбектің айтуынша, өзі жайлы өтірік ақпарат беріп, ақша табу, оның ішінде, мемлекет ақшасын иемдену алаяқтыққа жатады. 

«Алаяқтық» бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Өзі туралы жалған ақпарат жариялап, мемлекеттің қаржысын алаяқтық жолмен алу туралы тармағымен жазаланады. Жеке бас пайдасы үшін өтірік айтып, ақшаны алса алаяқтық болып табылады. Бұл қылмыстық іс ретінде қарастырылады. Айыппұл салуы да мүмкін немесе 1-2 жыл көлемінде бос бостандығынан айырады»- дейді заңгер Айгүл Орынбек. 

Ел арасында жүрген азамат ретінде халықтың осы жәрдемақыны алу үшін көше аралап, карантин талаптарын бұзуына көзқарасын сұрағанымызда: 

«Басында осы көмек берледі демес бұрын оны ұсыну жолдарын қарастырып, реформасын жасап алу керек еді деп ойлаймын. Қазіргі таңда көптеген адамдар көшеге шығып кетті. Өмірінің қауіпсіздігіне қарағанда қаржылай пайданы ойлағандар көбейіп кетті. Халық өкімет ақша береді десе, көшеге шығып жүгіре береді. Адам өз денсаулығын ойлайтын уақытта халықты көшеге шығармауы керек еді», — деген заңгер жәрдемақының берілетін тәсілі дайындалмаса да халықтың көшеде жүгіріп жүргенін айтып налыды.

Назарларыңызға ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бап туралы нақты әрі толық ақпаратты ұсынамыз.

190-бап. Алаяқтық

1-тармақ:

Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2-тармақ:

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды — ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3-тармақ:

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4-тармақ:

Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса,  

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

 

stan.kz