«42 500 теңгені қайтару қажет»: министрлік желіде тараған ақпаратты түсіндірді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі азаматтарға бұл ақшаны қайтаруға міндеттейтін заңдар мен нормалар жоқ екенін айтады
Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде 42 500 теңгеге қатысты тағы бір жалған ақпарат тарады. Бұл жолы төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға берілген қаржыны қайтару қажет екені айтылған.
StopFake сайтының хабарлауынша, желі қолданушылары банктердің мобильді қосымшаларындағы «әлеуметтік көмекті қайтару» парақшасының суретін таратып жатыр. Алайда мемлекет алған қаржыны қайтаруды міндеттеп отырған жоқ.
«Төтенше жағдай кезінде кейбір адамдар әлеуметтік төлемдерді заңсыз түрде алды. Яғни, кірісі болса да төлем алды. Ішінде бұл қаражатты мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдағандары да бар. Төлем берілген уақыттан бастап 180 000 адам қайтарып берді. Бұл ерікті түрде жүзеге асады. Азаматтарды бұл ақшаны қайтаруға міндеттейтін нормалар мен заңдар жоқ», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі Александр Кононец.