42 500 теңгені негізсіз алғандарды соттай ма

0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі 42 500 теңгені негізсіз алған адамдарды ақшаны қайтаруға үндеді

НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik, Арман Асқар. 42 500 теңгені негізсіз алғандар қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны айтылған болатын. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген танымал адвокат Айман Омарова осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

Қылмыстың құрамын анықтау қажет

Бұған дейін таратылған ресми ақпаратта 42 500 теңгені негізсіз алғандардың әрекеті қылмыстық кодекстің 190 және 195-бабы бойынша қаралатыны жайында айтылған. Бір бапта алаяқтық туралы жазылса, екіншісі алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру үшін айып тағуды көздейді. Мүліктік залал келтірудің жазасы – 160 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл (444 480 теңге — Sputnik Қазақстан), қоғамдық жұмыс немесе 40 тәулікке қамау. Ал алаяқтық үшін 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлдан (2 778 000 теңге — Sputnik Қазақстан)  бастап екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. 

Адвокат Айман Омарованың ойынша, құзіретті мемлекеттік орган әу баста 42 500 теңгенің кімге берілетінін дұрыс түсіндірген жоқ. Содан халық шатасып, өтінім беруі де мүмкін. 

«Бас кезінде түсініспеушілік болды. Халық дұрыс түсінбей, өтінім беруі де мүмкін. Әрине, адамдар ол ақшаны білмей алып қойып, артынан қайтарса, қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмайды. Алайда төтенше жағдай кезінде табысынан айырылмай, жалақының түсетінін біле тұра, 42 500 теңгеге өтінім берсе, алаяқтық әрекет туралы сөз қозғауға болады. Дегенмен, әрбір әрекетті жеке-дара қарастыру қажет. Адамның алдау ниеті болды ма, жоқ па, осыны анықтау керек», — дейді Омарова. 

Оның айтуынша, бәрінде бірдей алдау ниетті болғанын дәлелдеу қиын. Себебі көбі заңды да білмейді. Сосын халық төтенше жағдай кезінде жаппай беріліп жатқан көмек деп ойлап қалуы да мүмкін.

«Әрине, заңды білмесең де, жауапкершіліктен босатылмайсың. Меніңше, ақшаны қайтармағандардың бәрін бірдей жауапқа тарту мүмкін емес. Ақыр соңында біреуді жазалайды, екіншісі құтылып кетеді. Қазіргі кезде түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, 42 500 теңгені негізсіз алған адамдарды ақшаны қайтаруға үндеу керек. Болды. Сол дұрыс сияқты. Негізі, әлеуметтік төлем алғандардың ішінде табысынан қағылмағандар да бар ғой. Енді, олардың кесірінен, шынымен де, табыссыз қалғандар ала алмауы мүмкін», — деп атап көрсетті Омарова.

Министр не дейді?

Осы аптада еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгені қайтаруға қатысты екі рет түсініктеме берді. Әлеуметтік желідегі қазақша жазбасында министр заңгерлердің айтып жүрген жазасы тек алаяқтарға ғана қатысты екенін ескертті. Ал ниеті таза қарапайым халықты ешкім тексермейді. 

«Азамат 42 500 теңгені алдап алмаса, ешқандай жауапкершілікке артылмайды. Халық 42 500 теңгеге еріккеннен өтініш беріп отырған жоқ. Төтенше жағдай болмаса да, басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қарапайым халықты кейін тексермейміз», — деп жазды Нұрымбетов. 

Ал кеше жариялаған орыс тіліндегі жазбада ведомство басшысы министрліктің біреуді қылмыстық жазаға тартуға құзіреті жоқ екенін ерекше атап өтті. Бұрынғы еңбек инспекциясының әкімдіктерге берілгенін де жеткізді. Дегенмен, ақылы еңбек демалысына шыққан, бірақ 42 500 теңгені алған жалдамалы жұмысшылар тексеріледі екен. Себебі олардың жалақысы тоқтатылған жоқ. Соны біле тұра, әлеуметтік көмек алды.

«Еңбек министрлігі осы санаттағы жұмыс берушілер мен жұмысшылардан басқа ешкімге талап қоймайды. Министрлік 42 500 теңгені алғандарға (жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен істейтіндер, бірыңғай жиынтық төлемін жасағандар, декретке шыққандар және тағы басқаға) қатысты ешқандай тексеріс жүргізбейді. Оны қайта-қайта сұрамай-ақ қойыңыздар. Жоғарыда аталған жалдамалы жұмысшылар мен жұмыс берушілерден басқа ешкімді тексермейміз», — деп атап көрсетті Нұрымбетов.

Министр 42 500 теңгенің мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленіп жатқанын да еске салды. Осы ұйым негізсіз алынған әлеуметтік төлемдерді қайтаруға талап қоя алады. 

Үкіметті алдағандар көп пе

Осы аптада мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы 42 500 теңге әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша есеп берген болатын. Ресми мәліметке сәйкес, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 3 миллионнан астам адамға  42 500 теңге әлеуметтік төлем аударылды. Қаржының жалпы көлемі – 127 миллиард теңге.

Халықтан барлығы 5,9 миллион өтінім түскен. Соның ішінде 2,15 миллион, яғни 37% бойынша төлем тағайындалған жоқ.

Негізгі себептері:

  • 157 мыңға жуық өтінімде адамның жеке дерегі дұрыс көрсетілмеген. Бір әріпте немесе санда қате кетсе, әлеуметтік төлем тағайындалмайды;
  • 80 мыңға жуық өтінімде банк деректері дұрыс жазылмаған. Өтінім бергенде банк атауы мен IBAN-ды (шоттың 20 белгіден тұратын нөмірі) көрсету қажет. Көбісі банк картасының нөмірін жібере салған;
  • Өтінім берушінің тұрақты жұмысы бар болып шыққан. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де бар;
  • 863 мыңға жуық өтінімді зейнетақы және жәрдемақы алушылар жіберген. Олар төтенше жағдайға дейін ресми жұмыс істемеген;
  • 1,16 миллион өтінім бойыша соңғы 12 айда ешқандай әлеуметтік аударым жасалмаған, бір рет болса да, бірыңғай жиынтық төлем аудармаған. Ондайда 42 500 теңге берілмейді;
  • 534-ке жуық өтінім қайтыс болған адамдардың атынан немесе Қазақстаннан тыс жерде тұратындардың атынан жіберілген.

Жапонияның тәжірибесі

Жақында Жапония үкіметі коронавирус таралуына байланысты халыққа материалдық көмек тарату жөнінде шешім қабылдады. Мамыр айынан бастап әрбір адамға 100 мың иен (шамамен 930 доллар, 400 мың теңгенің айналасында) төленеді деген жоспар бар.

Олар да бұл ақшаны жылдам таратуға мүдделі. Ал материалдық көмек кезінде адамның табысы ескерілмейді. Негізгі мақсат – коронавирус эпидемиясының экономикалық салдарына байланысты әрбір отбасыға көмек беру. Осы орайда премьер-министрдің орынбасары әрі қаржы министрі Таро Асо маңызды бір мәселені атап өтті. Оның айтуынша, материалдық көмекті табысы жоғары адамдар да алып қоюы әбден мүмкін. 

Ол мұндай адамдардан ақшаны қайтару қиын процедура болғандықтан, үкімет міндеттей алмайтынын жеткізді.



sputniknews.kz