42 500 теңге тағы төлене ме – министр жауап берді
Министрдің айтуынша, екі ай бойы 1 045 000 адамға азық-түлік алуға ақшалай көмек берілген. Ал ол үшін 14 миллиард теңге бөлінген
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов карантин күшейтілгеннен кейін 42 500 теңгенің төленуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге төлеуге біраз қаражат жұмсалған. Жалпы қаржы бюджеттен емес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 322 миллиард теңге бөлінді.
«Осы 42 500 теңгелік көмекті 4 миллион 607 мың адам алды. Қазір қордың қаржылық мүмкіндігі шектеулі. 42 500 теңге әзірше төленбейді. Ондай жоспарымыз жоқ. Дегенмен, жағдайға қарай қажеттілік болса, басқа қаржы көздері болатын шығар», — деді Нұрымбетов бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде 8 миллионнан астам адам 42 500 теңгеге өтініш берген.
Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға азық-түлікпен көмек көрсетілген. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар, мүгедектер, жұмыссыз адамдар және тағы басқа топтар бар.
Осылайша, 1 045 000 адамға екі ай бойы азық-түлік алуға ақшалай көмек берілді. Оған 14 миллиард теңге бөлінді.