42 500 теңге күнкөріске жете ме?

0

Статистика комитетінің 2018 жылдың үшінші тоқсанына шығарған есебі бойынша, қазақстандықтардың 4,6%-ның табысы күнкөрістің ең төмен деңгейінен аз. Бұл дегеніміз 850 мыңға жуық қазақстандықтың табысы сол кездегі төменгі жалақы 28 284 теңге, қазіргі 42 500 теңгеге де жетпейді. Өңірлер бойынша Түркістан облысы халқының 12,6%-ы ең төмен күнкөріс деңгейінен де аз табыс табады.

Министр: “42 мың теңгеге көп нәрсе алуға болады”

Өткен жылы күзде журналистің “Еліміздегі ең төменгі жалақыға өмір сүру мүмкін бе?” деген сұрағына Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов былай деп жауап берген еді:

…Елбасы 2019 жылдан бастап бұл санды 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Енді бұл сома 42 мың теңге болады. 42 мың теңгеге әлдеқайда көп нәрсе алуға болады деп ойлаймын.

Шын мәнінде 42 500 теңге қазақстандықтардың күнкөрісіне жете ме? Шығынын жаба ала ма? Есептеп көрейік.

Әр отбасының орташа есеппен бір айдағы шығыны

Жоғарыдағы инфографика бойынша, қазақстандықтар орташа есеппен азық-түлікке 19 480 теңге, жол шығындарына 7200 теңге, коммуналдық қызметтерге 10 017 теңге, барлығы – 36 697 теңгені тек осы шығындарға жұмсайды.

Тіршілік болған соң бұдан бөлек те шығындар бар. Мысалы, гигиеналық заттар, кей азаматта пәтерақысы, киім-кешек алу, бала-шағаның қажеттілігі. Оларға жұмсалатын шығынды шамамен 20 мың десек, орташа есеппен айына бір отбасының шығыны шамамен 60 мың теңгеге жуық болады, яғни ең төменгі жалақы өмір сүруге жеткіліксіз. Бұл туралы қазақстандықтар не дейді?

Қазақстандықтардың пікірі

Ақтөбе облысының тұрғыны Алтын Оқанова – мектеп-интернатта еден жуушы. Айлығы – 21 250 теңге (жарты жалақы). Студент ұлы бар.

Ұлым өскен сайын қаржының жетпейтіні байқалады. Ол колледжде оқиды. Оқуын бітіргенше қамқоршысынан айырылуына байланысты мемлекеттен жәрдемақы алады. Азын-аулақ ақша өзінің қалада жүріп-тұруы, тамағы, киімінен аспайды. Кейде апасы көмектесіп тұрады, – дейді ол.

Алтынның айтуынша, қалаға қарағанда ауылда шығын аз кетеді. Ақша болмай қалған жағдайда ауылда азық-түлікті қарызға алу мүмкіндігі бар.

Судың да сұрауы бар емес пе? Бәрібір ай соңында қарызды қайтару керек. Ауылда да тіршілік бар. Біздің жақтың қысы қатты. Әр қыс сайын кемінде үш тонна көмір сатып аламыз. Үйіміз кішкентай болғандықтан бұл бізге жеткілікті. Бірақ көмірдің бір тоннасы – 25 мың теңге.  Электр тогы мен суға шамамен 2 мың теңге төлеймін. Азық-түлікке айына аз дегенде 6-7 мың теңге жұмсаймын. Кейде ауданға шаруамызбен немесе туыстарымызға қонаққа бару керек болады. Барып, келу жол ақысы – 1000 теңге, – дейді ол.

Алтынның айтқан шығынын есептесек, ауыл тұрғынына да ай сайын шамамен 50-60 мың теңге қажет. Бұл – ұлына жұмсалатын шығындарды есептемегендегі көрсеткіш.

“Мол табысты да жеткізбейтіндер бар”

Жамбыл облысының тұрғыны Зарина Барменқұлова – 3-топ мүгедегі, 29 716 теңге жәрдемақы алады.

Жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ. Кейде қосымша жұмыс істеп, 5-10 мың теңге табады. Қызым тұрмыста, ұлым қалада жұмыс істеп, шығынын өзі өтеп жүр. Бізге салмақ салмайды. Балаларымды кішкентайынан “Қанағат-қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар” деп шүкіршілік етуді, ысырапшыл болмауды үйреттім. Ауылда тұрғандықтан нан, ет пен сүт тегін. Ай сайын азық-түлікке 15-17 мың теңге жұмсаймын. Қазір ауылымыз, шүкір, дамып келеді. Интернет пен газға 9 мың төлейміз. Kөп ақша тауып та “жетпейді” деп жылап отырғандар бар.
Қанша табыс тапсаң да, “Алла берекесін берсін” деп шүкіршілік ете білу қажет, – дейді ол.

Қалалық

Алматы тұрғыны Гүлшара Қасымбекова – екі жерде жұмыс істейді. Бір тәулік бойы күзетші болса, келесі күні демалмастан еден жуып, жатақхананы тазалайды. Екі жұмысынан алатын айлығы – 60 мың теңге.

Азық-түлікке жұмсалатын шығынды есептемегенде, айлығым айсайынғы міндетті төлемдерден аспайды. Несиеме – 15 мың теңге, пәтерақысына – 40 мың теңге төлеймін. Жұмысқа бару үшін автобуспен екі ауысым жасаймын. Жол ақысы – 80 теңге. Барып, келуге күніне 320 теңге жұмсаймын, – дейді ол.

Жолдасының табысы да несиеге кетеді екен.

Қазір ұлымыз колледжде грантпен оқиды. Бос уақытында жұмыс істеп, өзіне қажет ақшаны өзі табады. Колледж бітіргеннен кейін ел қатарлы жоғарғы оқу орнына түсіргім келеді, – дейді Жұлдыз.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz