42 500 теңге ала алмаған азаматтардың өтініші қайта қаралады: не істеу керек

0

Әлеуметтік төлем тағайындалмаған азаматтар аудандық немесе қалалық штабқа растайтын құжаттармен қоса тиісті өтініш беруі қажет

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлем тағайындалмаған азаматтардың өтінішін қайта қарау тәртібі бекітілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемнің тағайындалмағанымен келіспейтін азаматтардың өтінішіне байланысты төлем тағайындау қағидаларына түзетулер енгізді»,- делінген хабарламада.  

Бұған дейін әлеуметтік төлемді тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтініштерді қайта қарау үшін аудандық (қалалық) штабқа растайтын құжаттармен қоса тиісті өтініш беру қажет.

Өтінішті кім береді:

  • Жұмыс беруші тарапынан – шағын және орта бизнес, ірі кәсіпкерлік (карантин енгізілген өңірлерде), коммерциялық емес заңды тұлғалардың қызметкерлері үшін. Бұл ретте өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту (тоқтату) туралы шешім қабылданған қызметкерлер үшін беріледі.
  • Өз бетінше – әлеуметтік төлемді тағайындаудан бас тарту (тоқтату) туралы  шешім қабылданған жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, бірыңғай жиынтық төлемін төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтіндер.

Растайтын құжаттар тізімі:

Қызметкерлері үшін құжат тапсыратын жұмыс берушілер үшін:

  • жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу туралы бұйрықтар;
  • жұмыс берушінің төтенше жағдай кезеңінде кірісін жоғалту фактісін растайтын құжаттар (банк шоттарының көшірмесін қоса алғанда, қаржылық және өзге де есептілік, бухгалтерлік баланс және басқа құжаттар);
  • мемлекеттік кірістер органдары қабылдаған декларация (МКК-мен салыстыру үшін, 200-нысан).
  • ЖК және жеке практикамен айналысатын адамдар үшін:
  • мемлекеттік кірістер органдары қабылдаған декларация (мемлекеттік кірістер комитетімен салыстыру үшін, 200 нысан);
  • кірісті жоғалту фактісін растайтын құжаттар (банк шоттарының көшірмесін қоса алғанда, қаржылық және өзге де есептілік, бухгалтерлік баланс және басқа да құжаттар).

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтіндер:

  • заңды тұлғамен жасалған жұмыстарды орындауға (қызмет көрсетуге) арналған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт.

Ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейін аудандық (қалалық) штаб  әлеуметтік төлемді алуға құқығы бар-жоғы туралы қорытынды шығарады.

Тағы оқыңыз: Жұмысынан айырылған қазақстандықтар мемлекеттен әлеуметтік төлем алады

«Оң қорытынды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне беріледі, ол «өтініш берушінің электронды іс макетін» қалыптастырып, деректерді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалына береді. Филиал әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды», — деп хабарлады министрлік.

Егер өтініш беруші аудандық/қалалық штабтың қорытындысымен немесе сақтандыру қоры филиалының шешімімен келіспесе, ол растайтын құжаттармен облыстық штабқа жүгіне алады.

Карантинді ескеріп, халық көп жиналмау үшін өтініштер 1 желтоқсанға дейін қаралады.



sputniknews.kz