42 500-дің жырына 5500 теңге қосылды (ВИДЕО)

0

42500-дің дастанына 5500 теңгенің дүрбелеңі қосылды. Үкімет үлестіретін сома мардымсыз болса да, ысқырығы жер жарып тұр. Әлеуметтік әлсіз топ өкілдері көмектің мөлшерін естіп, қапаланып отырмыз дейді. 2 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі көмек қашан және кімдерге беріледі? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

1 миллионнан астам азамат 5500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны бүгін-ертең ала бастайды. Неге 5000-6000 емес, неліктен 5556 деген сауал бізді де қызықтырады. Ол туралы сәл кейінірек. Қазір біз күнделікті ішіп-жемге қажетті азық-түліктің бағасын шығарамыз.

Ас атасы наннан бастап, күнделікті дастарханға қажет деген шайың, оған қоса майың бар. Ұн мен пияз, күріш пен қарақұмық. Не керек. бір жеті бойы жүрек жалғайтын ас-пұлдың бір сыпырасын себетке салдық.

Жоқ дегенде бір аптаға жетеді-ау деген азық-түліктің бағасы 5556 емес, 7756 теңгеге шығып кетті.

Иә, бұл бір апталық азық. Ал Үкімет бір айға жетеді есептеген. 5500 теңгеге кім, қай жыртығын жамайды сонда?

МЕРУЕРТ ДҮЙСЕБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Қазір азық-түліктің бағасы өте шарықтап кеткен. Екі есе үш есеге қымбат. Сіздердің беріп отырған 5556 теңгелеріңіз өте күлкілі болып естілетін сияқты. 1 күнде жейтін тамағыңды аласың, болды».

НҰРГҮЛ СЫДЫҚБАЕВА, МҮГЕДЕК БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
«Бұл 5000 теңге ешқандай шығынды жаппайды. Сүттің бағасы 460 теңге. Мен күніне 3 литр сүт аламын. 1380 теңгені жоқ жей беріңіз. Әрі қарай есептеп көріңздер. Бұл ақша маған жетеді ме?»

Нұргүлдің наилитын жөні бар. Қымбатшылық қос бүйірден қысып, оған қоса карантин соққы бергенде 5000 теңгеге бір күн өмір сүрудің өзі мұң. Айтпақшы, 5556 деген соманың қайдан шыққанын айтайық. Жауапты маманның сөзінше, министрлік халыққа қажет деген азықтың түрлерін өздері белгілеп, кесіп-пішіп қойыпты.

НҰРСӘУЛЕ ЕЛЕУОВА, ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК САЯСАТЫН ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
«Азық-түлік және тұрмыстық жиынтығының ішіне бізде белгіленген азық-түліктер кіреді. Сол азық-түліктердің бағаларына сәйкес. 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бағасы шыққан болатын. Оның ішіне сүт кіреді, ұн, шай, күнбағыс майы, шекер, қосымша тағы рис, горох және макарон өнімдері кіреді».

Енді 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі көмекті кімдердің алатынына тоқталсақ.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын 6-дан 18 жасқа дейінгі балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелерге тіркелген мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар мен оларды тәрбиелеп отырғандар, барлық жастағы I, II, III топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар және жергілікті органға жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар.

Еңбек және халықты әлеуметтік  қорғау министрлігі 5500 теңгелік жәрдемақыға 13 жарым млрд теңге қарастырып отыр. Жергілікті әкімдік базадағы ақпараттар бойынша, мұқтаж жандардың тізімін жасап, шотына аударады. Шілденің соңына дейін тиісті төлемді ала алмасаңыз, өңірлік жұмыспен қамту орталығына жүгінесіз. Жәрдемақы әзірге сөз жүзінде қалып отыр. Яғни ешкімге үлестірілген жоқ, тіпті механизмі де бекімепті. Елода әкімдігі осылай, дейді.