40 жыл бұрынғы жастар наразылығы және Қостанайдағы қазақ мектебіндегі дау

0

ТЕҢІЗДЕГІ ОҚИҒА ҚАЛАЙ ӨРБІДІ?

Атыраулық «Ақжайық» басылымы маусымның 29-ы күні «Теңіздегі оқиғаның қалай өрбігенін түсіндіретін» полиция есебіне ұқсас құжаттың суретін жариялады. Басылымның жазуынша, бұл құжат сол күні әлеуметтік желіде тараған. Нақты қай ведомствоға тиесілі екені белгісіз.

«Теңіздегі жанжалға байланысты» деген тақырыбы бар бір беттік құжатқа сүйенген басылым кемінде мың адам қатысқан маусымның 29-ы күнгі наразылықтың неден туындағанын, қалай өрбігенін болжауға тырысады.

Ондағы құжатта жергілікті белсенділердің бірі «атышулы суретті» әлеуметтік желіге жариялаған Ливия азаматы Эли Даудтың үстінен прокуратураға шағым түсіргені, оның наразылықтан бір күн бұрын қызметінен қуылғаны жазылған.

Маусымның 29-ы күні Даудтың қызметінен кеткеніне наразы болған компанияның бірқатар қызметкері «еңбек тәртібін қатайтамыз» деп кеніш жұмысшыларын кінәлаған. Осыдан соң «жаппай тәртіпсіздік» басталған.

«Бәлкім, жәй сурет қана емес, дәл осы жайт жағдайды ушықтырып жіберген болуы мүмкін» деп топшылайды басылым.

Маусымның 29-ы күні кешке Эли Дауд есімді Ливия азаматының «Қазақстан халқынан кешірім сұрағаны» туралы видео пайда болды. Бұл видео оның Instagram-дағы парақшасына жарияланған.

«WhatsApp-та жарияланған сурет үшін кешірім сұрағым келеді. Әріптесіммен бірге суретке түстім, менде басқа бөтен ой болған жоқ. Екіншіден, екі жыл бойы әріптес болған барлық қазақтардан кешірім сұраймын. Қазақстанда жұмыс істеу маған ұнады. Бірақ осыншалықты көптің реакциясын туындатқым келмеді» деген ол.

40 ЖЫЛ БҰРЫН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ НЕГЕ НАРАЗЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ?

Атырауда шығатын «Ақжайық» басылымы осы аптада 1979 жылы сол кездегі Целиноград, қазіргі Нұр-Сұлтанда болған жастар наразылығын еске алып, оқиғаға қатысушының куәлігімен мақала берген.

1940 жылдардың басында «Волгадағы неміс автономиясы ыдырағаннан кейін жүз мыңдаған неміс қазақ жеріне қоныстанды. Уақыт өте келе неміс автономиясын қайта құру мәселесі қайта көтерілді. Бірақ бұл жолы Қазақстан аумағынан құрмақ болды. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің екінші хатшысы А.Коркин басшылық еткен ұйымдастыру комитеті құрылды. Болашақ автономияның орталығы Ерейментау қаласы (Целиноград облысы) болады, ал оның құрамына Целиноград, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірнеше ауданы кіреді деп ұйғарылды» деп жазды басылым.

«Ақжайық» 1979 жылдың 31 мамырында КОКП орталық комитетінің саяси бюросының «неміс автономиялық облысын (НАО) құру туралы» қаулы қабылдағанын, сол кездегі Қазақстан басшыларының бұл шешімге қарсы болғанын жазады. «Неміс автономиясын құру туралы жаңалық бүкіл республикаға жылдам таралды. Целиноградта шеруге үндеген үнпарақтар таратылған».

«Мен ол кезде Целиноград инженерлік-құрылыс институтының екінші курсында оқыдым. 16 маусымда бізде физикадан емтихан болуы тиіс еді. Ал бір күн бұрын 15 маусымда жатақханамызға партия обкомы ғимараты алдындағы алаңға шығуға үндеп, қазақ және орыс тілдерінде қолдан жазылған үнпарақтар таратып жүрген жігіттер келді. Мен өз көзіммен көрген жоқпын, бірақ жатақхана жертөлесінде «Сен, қазақ, ата-бабаңның ақ сүйегі сіңген жерге неміс автономиясын құруға жол берме», «Многонациональный Казахстан неразделим!» «Нет немецкой автономии!» деген ұран сөздер әзірленіп жатқанын айтты. Физикадан емтиханды кафедра меңгерушісі Мәдиев алуы тиіс еді. Бірақ староста Жексен Рахметов бізді сұрап алды. Оқытушымыз бізді жіберіп, емтиханға түстен кейін келіңдер деді. Кейін оны кафедра меңгерушісі лауазымынан түсіріп тастады» деп еске алған сол кезде студент болған Қуаныш Зинеденов.

Оның айтуынша, маусымның 16-сы күні таңертеңгі сағат 9-дар шамасында наразы азаматтар партия обкомының ғимараты алдындағы Ленин алаңына келіп, «Біз транспаранттарды көтеріп, «Нет немецкой автономии!», «Казахстан неразделим!» деп айқайлай бастаған. Алаңда бастапқыда милиция, қоршау болмаған. Сәлден соң оқиға орнына жоғары оқу орындарының ректорлары, шенеуніктер жиналып, «митинге шыққандарды сабырға шақырған».

— Бізді Тың игерушілер сарайына кіруге шақырды. Бірақ біз сол жерге қамап тастайтындығына сенімді болып, бас тарттық. Содан кейін обкомның екінші хатшысы Зейнолла Шайдаров шығып: «Иә, неміс автономиясын құру туралы әңгіме болды, бірақ ешқандай құжатқа әлі қол қойылмады. Сіздер қазір тараңыздар, әзір ештеңе шешілген жоқ» деді. Адамдар тынышталмады, алаңнан теміржол вокзалына дейін жүріп өту туралы шешім қабылданды. Бірақ біз төрт жігіт — Александар Ли, Ержан Әжіқұлов, Есен Ардаш және мен – емтихан тапсыру үшін кері қайтуды ұйғардық. Емтихан тапсырып жатқан кезде, аудиторияға деканның орынбасары Дүйсметов кірді. Ол қатты ашулы еді: «Бұл жерде не, емтихан болып жатыр ма? Кім қабылдап жатыр, Мәдиев пе? Емтихан неге түстен кейін басталды?» деп сұрады. Бізге ректорға барыңдар деді. Ректоратта бүкіл мәліметтерді жазып алып, содан соң жіберіп қойды. Көп ұзамады: жатақханаға келген соң, бізді бөлмеге қамап тастап, студенттердің ешқайсысын ол жерге кіргізбеді. Бақылаумен ғана басқа ғимараттағы асханаға апарып тұрды. Оқытушыларды кезекшілікке қойды, милициядан, КГБ-дан адамдар болды. Бірақ бәрі қарапайым киінген. Жатақханадан тек 18 маусымда кешке қарай босатты, — деп еске алған Зинеденов.

Басылымның жазуынша, соғыс ардагерлері наразылық танытқаннан кейін жастарды жатақханадан босатқан.

«Сол күндері, Зинеденовтің айтуынша, ешқандай заңбұзушылықтар болмаған. Бәрі бейбіт жағдайда өтіпті. Таныс жігіттердің бәрі оқуларын аман-есен аяқтап, үйлеріне қайтты. Бірақ кейінірек шеруде аса белсенді болған ауыл шаруашылық институтының бірнеше студентін оқудан шығарып жіберген екен» деп жазды.

АТА-АНАЛАР НЕГЕ НАРАЗЫ?

«Наша газета» басылымы осы аптада Қостанайдағы жалғыз қазақ бастауыш мектебі төңірегінде қалыптасқан дау туралы жазды. Басылымның жазуынша, маусымның 25-і күні басылым қала орталығында шоғырланған бастауыш мектепті қала шетіне қарай ығыстыру туралы хабарға ата-аналар наразы болған.

«Немерем осы мектепте оқиды. Мектеп орталықта, жанында тұрамыз, енді немеремді не үшін қала шетіне апаруым тиіс?» деген ата-аналардың бірі Сұлушаш Насынбаева.

Ата-аналардың көбі ұзақ тарихы бар қаладағы мектепті биліктің не үшін балабақшаға айналдыруға тырысып отырғанын түсінбейтінін айтқан. Олардың айтуынша, қала шетіне екі ғана автобус жүреді, онда да жиі жүре бермейді.

Оқиға орнына Қостанай әкімі келіп, екі сағат бойы ата-аналармен сөйлескен. Оның сөзіне ата-аналардың көңілі толмай, сәт сайын наразы реакция танытып отырған. Әкім қалада балабақша тапшылығы туындап отырғанын айтып, шешімнің дұрыстығын дәлелдеуге тырысқан.

«Қазақ бастауыш мектебін қайта құру қажет деп шештік, бұл ғимаратта 200-250 орындық балабақша ашылады. Бұл қазақ мектебі яки орыс мектебі болғандықтан емес, бастауыш мектеп болғаны үшін таңдап отырмыз. Яғни, мұнда балалар небәрі төрт жыл ғана оқиды, кейін көрші Мәуленов ғимназиясына таңдалады. Қалғаны қала шетінде орналасқан 8, 9,10, 115 мектептерге ауыстырады. Қазір бұрынғы колледж ғимаратында қазақ тілді орта мектеп ашуды ұсынып отырмыз. Онда балалар 1-11 сыныпты оқи алады. Жанында Жеңіс саябағы бар. Бұл орталық емес деп кім айтты?» деген әкім.

Билік өкілдері әзірге бұл бойынша түпкілікті шешім қабылданбағанын, бұған байланысты ата-аналар пікірін біліп көрмек болғанын да жеткізген.

Azattyq