4 күндік жұмыс аптасы. Еңбек министрлігі пікір білдірді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасының енгізілуіне қатысты түсініктеме берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрліктің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, 2013 жылғы 1 шілдеден бастап Еңбек кодексі бойынша енгізілетін өзгеріс жұмыс апталарын толығымен 4 күндікке ауыстырмайды. Бұл жерде жұмыс кестесін кезек-кезекпен ауыстыру туралы сөз болып отыр.
«Өзгеріс аясында 4 күндік, 5 күндік және 6 күндік жұмыс аптасын кезекпен ауыстыру қарастырылады. Мысалы, бір апта 5 күндік болса, екінші аптада 4 күн жұмыс істеуге болады. Бұл жұмыс кестесі қызметкердің өтініші бойынша жұмыс берушінің келісімімен бекітілуі мүмкін. Сөйтіп, 4 күн жұмыс стейтін қызметкерде қосымша демалатын бір күн пайда болады», — деді Ділдахмет.
Сәкен Ділдахмет бұл тәжірибені кейбір жұмыс берушілер қолданып жүргенін және ол еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін айтты.
Баспасөз хатшысы бұл режимді енгізу қызметкерге жеке және отбасылық қажеттіліктермен жұмыс істеу міндетін үйлестіруге мүмкіндік беретінін айтады.
«Мұндай режимде жұмыс істеу қызметкер үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығына, Еңбек кодексінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және келісімдерде белгіленген еңбек саласындағы еңбек өтілін және басқа да құқықтарына шектеулер туғызбайды», — дейді ол.