4 баламен қалып, көмек ақша ала алмай отырған жесір әйел мемлекеттен көмек сұрады

0

Редакциямызға қарағандылық жалғызбасты ана хабарласып, мемлекеттің жәрдемақысынан үміт үзгенін айттып, мұңын шақты. Себебі, отағасынан айырылған әйел төрт баласының бар екеніне қарамастан, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отыр. Бұған табысының адам басына шаққандағы мөлшерінің бірнеше теңгеге асып кетуі себеп, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Қымырбек Жайнагүл 38 жаста. Күйеуі 2015 жылы 15 наурызда аяқасты ракпен ауырып көз жұмған. Бүгінде 3 қыз, 1 ұлын өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана.

«Жолдасым вахтада жұмыс істеді. Аяқастынан ракпен ауырып 2015 жылы жолдасым 15 наурызда қайтыс болды. Содан бері қатты қиналып жүрмін. Үкімет жәрдемақыны тоқтатты. Денсаулығыма байланысты жұмыс істей алмадым. Жолдасым бар кезде алған несие екі жылдай жүйкемді жұқартты, сотқа берді. Сотта да төлей алмайтынымды айттым. Олар кейінге қалдырды. Содан екінші рет шақырғанда ауырып бара алмадым. Олар менің жеке куәлігімді, шоттарымды бұғаттап, күйеуімнің несиесін менің атыма аударып, мені қарыз қылды», — дейді жалғызбасты келіншек.

Жайнагүлдің үлкені 9-сынып, екіншісі 5-сынып, үшіншісі 4-сынып, төртіншісі даярлық тобында оқиды. Жалғызбасты ана балаларының болашағы үшін алаңдайды. 

«Қазіргі таңда не жұмыс істей алмаймын. Жолдасымның кеткеніне 4 жыл болды. Мектеп те, үй де алыс, қар басып қалады. Балаларым үшін қорқамын. Денсаулығым жылдан-жылға нашарлап барады, мектепке де бара алмай қалатын кездерім болады. Көзім -8 ден асып кетті, қаназдық. Елге беріп жатқан ақшадан маған неге бермеске, ақшам болса қарыздарымды төлеп, сөйтіп адам сияқты үйді қыста жылытсақ па дегенмін», — дейді әйел.

Жайнагүлдің үйінің де жағдайы мәз емес. Балаларын шомылдыру үшін қыс кезінде жалғызбасты ана үш күн бойы от жағып дайындалатын көрінеді.

«Жолдасым қайтқалы 4,5 жылдан бері үйіме жөндеу жұмыстары жасалмады. Былтырдан бері шатырдан су ағып, қабырғасы өте жұқа. Қыстай ұйықтамай пеш жағып шығамын, содан көктемде ауырамын. Кейінгі кезде өз-өзімді қинап жүріп бірнәрсеге ұрынсам, төрт балам қайда қалады», — дейді Жайнагүл.

Жайнагүлдің бар үміті мемлекеттен берілетін көмек болатын. Алайда оны да ала алмай отыр. «21 мыңнан 1 000 теңге табысы артық болып кеткені үшін» енді оның балалары қажетті қолдауды ала алмайтынын айтты. 

«Жетім-жесірлерге ондай көмек ауадай қажет. Бір 1000 теңге үшін өйтіп бермеу деген, небір адамдар алып жатыр. Қазақтың қуанғаны жақсы. Бірақ, менің балаларымның қай жері кем? Әкімшілікке барсам біздің қолымызда емес дейді», — деп кейіді келіншек.

Жайнагүлдің жайын Қарағанды облысы, Шеті ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы кент әкім аппаратының бас маманы Мейрамкеш Кәкімтаева айтып берді.

«Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау комиссиясының мүшесімін. Бастапқыда бұл кісінің асыраушысынан айырылғаны үшін қазіргі таңда жәрдемақы алып отырғанын білмей, құжаттарды атаулы әлеуметтік көмекке ұсыныс етіп жібергенбіз. Алайда, айына 129 204 теңге асыраушысынан айырылғаны үшін көмек алып отыр екен. Мұның ішінде бала күтімі бойынша көп балалы ана ретіндегі төлемі, мемлекеттік жәрдемақысы кіреді. Бұл табысты бес адамға бөлетін болсақ, адам басына 23 740 теңге көлеміндегі қаражат шықты. Бұл бекітілген заң бойынша 21 000 теңгеден асып кетіп тұр. Сондықтан атаулы көмек беріп отырған жоқпыз. Бұл кісіге көмектескіміз келеді. Бірақ, заңнан аса алмаймыз. Құжаттарын ауданға апарып келдік көмектесейік деп. Қолдан келмеді. Жайнагүл біздің назарымызда. Қандай көмек болса да, бірінші осы кісіге көмектесетін боламыз», — дейді Мейрамкеш Кәкімтаева.

stan.kz