«4 айға Англияға кетіп бара жатыр»: Елдос Сметовтің бапкері шәкіртінің алдағы жоспары туралы айтты

0

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің бапкері Ғалымжан Жылгелдиев шәкіртінің алдағы жоспарлары туралы айтты. Бұл туралы Kznews.kz «Бірінші бол» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Елдос 4 айға Англияға тіл үйрену курсына кетіп бара жатыр. Қайда тұрады, қайда оқиды – бәрі шешіліп қойылған. Өзім Қазақстанда боламын, Елдостан бөлек те шәкірттерім бар, соларды жаттықтырамын. Ғалымжан Қырықбай, Алтынбек Қонысбай деген балалар тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр», — деді ол. Сондай-ақ Ғалымжан Жылгелдиев Елдостың алдағы Лос-Анджелестегі аламанда тағы бір рет топ жаруын қалайтынын да жоққа шығармады. «Біраз уақыт өтсе де, әлі күнге дейін іштей қуаныш бар. Қазір түс сияқты. Парижде сезіне алған жоқпыз, ал елге келгенде жұрт аяғымызды жерге тигізбей, жан-жақтан құттықтап жатты. Сөйте тұра Елдос енді 2028 жылы Олимпиадада топ жарса, Париждегі жетістігін қайталаса екен деген арман-тілегіміз бар», — дейді ол. Естеріңізге сала кетейік, Ғалымжан Жылгелдиев ҚР Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырған «Үздік» атты салтанатты шарада «Үздік жаттықтырушы» номинациясын иеленді. Ал дзюдошы Елдос Сметов «2024 жылдың үздік спортшысы» жүлдесін еншілеген болатын.