«33 мың долларға жасатқан» дейді әнші Мақпал
Халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм күйеуі Заманбек Нұрқаділовтің ең қымбат сыйлығын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі осыдан бірнеше жыл бұрынғы күйеуі сыйлаған сәукелені көрсетті.
“Асыл тастармен көмкеріп, таза күмістен соқтырды. Өзі сондай ерекше, әрі бағалы. Сол кезде 33 мың долларға жасатқан. Күйеуімнің маған берген сыйлығы, мәңгілік бағалы сыйлық болып қалады», – деді өнер иесі.
Мәдениет қайраткерінің айтуынша, қымбат бас киімін тек Алматыда өтетін концерттерге ғана киетін көрінеді. Салмақты болғасын көтеріп жүруге де ауыр көрінеді. Одан кейін қолды болып кетуінен де қорқатынын жасырмады.
«Жеке концертімде басымды тік ұстап тұрып кидім. Мойынымды бұруға мұршам болмады. Домбырамен жеті өлең айттым. Бір жағынан басыңды тік ұстап тұруға жақсы екен. Жеңіл бас киім кисең кейде басың ойнап кетеді. Ал мұны кисең еңсең көтеріліп, басқаша болып тұрасың», – деді Халық әртісі.