31 мамырға арналған ауа райы болжамы
31 мамырда республиканың басым аумағында ауа райы жауын-шашынсыз, күн ыстық болады. Өңірлерде дабылды ескерту жарияланды
НҰР-СҰЛТАН, 30 мамыр – Sputnik. Қазақстан аумағында 31 мамырда ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріледі. Нұр-Сұлтанда жел күшейеді деп болжанып отыр. Қазгидромет жекелеген өңірлерде дабылды ескерту жариялады.
Қырық градус ыстық
Күндіз Қызылорда облысында 41 градусқа дейін аптап ыстық болады, солтүстік-шығыстан 15-20 м/с жел соғады.
Түркістан облысында да – 40 градус ыстық, кей жерлерде жылдамдығы 15-20 м/с жел тұрады. Түркістанда сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтеріледі.
Қарағанды облысында 31 мамыр мен 2 маусым аралығында 35-39 градус ыстық күтіледі.
Тағы оқыңыз: Жаңбыр, бұршақ жауып, ыстық болады: маусымға ауа райы болжамы жарияланды
Қостанай облысында да аптап ыстық болжануда — 35-38 градус.
Қатты жел
31 мамыр күндіз Ақмола облысында желдің екпіні 15-20 м/с дейін барады.
Нұр-Сұлтанда оңтүстіктен және оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-18 метрге жетеді.
Мегаполистердегі ауа райы
Қазақстан астанасында сынап бағанасы 31-33 градусты көрсетеді деп күтілуде, көшпелі бұлт шығады, күн ашық. Желдің екпіні – 15-18 м/с.
Алматыда да ауа райы жауын-шашынсыз, 29-31 градус ыстық.
Шымкентте күн ашық, күндіз ауа температурасы 34-36 градусқа дейін жоғарылайды.
sputniknews.kz