31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (Фото, видео)
Тарихтағы бұл қаралы күн Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтеді.
Саяси репрессия қашан басталды
КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.
Көш
Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.
Қазақ жеріндегі лагерьлер
«Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.
АЛЖИР
Ең ірі лагерь – АЛЖИР, бұл жерде «отанына опасыздық жасағандардың» әйелдері қамалды. Талайдың тағдырын тәлкек еткен мекеме КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласының жанындағы Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылды. «АЛЖИР» лагері 30 га жерді алып жатты. Оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшелері болған.
«Қазақстандағы лагерьлерге КСРО-ның түкпір-түкпірінен мал тиейтін вагондармен әйелдерді әкелінді. Бұл вагондарды сол кезде «сталиндік немесе столыпиндік» деп атаған екен. Әйелдер өздерінің қайда келе жатқандарын білмеген. Оларға «күйеулеріңмен кездесесіңдер» деп айтыпты. Ол кезде жылдам жүретін пойыздар болмаған. Сондықтан пойыздар айлап жүрген. Мысалы, Қазақстандағы Ақмола (АЛЖИР) лагеріне әйелдер 2 ай жүргенін айтады», — дейді «АЛЖИР» мемориалды-музей кешенінің қор сақтаушысы Жанар Ергелдинова «Қанмен жазылған хат» деректі фильмінде.
Сондай-ақ, музей қызметкері әйелдердің жолда көрген қиындықтарын былайша баяндайды:
«Әйелдер қақаған аязда тоңып, үсіп кететін жағдайлар болған. Оларға отынды да шамалап береді екен. Мысалы, таңертең ұйқыдан тұрған кезде шаштары мұз болып қатып қалады. Ал вагондар бекеттерге тоқтаған кезде «әйелдердің өлі денесі түсіп жатты деген» деректер де бар. Олардың туған-туыстары, олардың қайда екенін білмеген».
Лагерьдегі әйелдер 20 сағаттап жұмыс істеген.
«Қазақстандағы лагерьде 62 ұлт өкілі жазасын өтеді. Әйелдер 18-20 сағат жұмыс істеді. «АЛЖИР» лагерінің жанында «Жалаңаш» деген көл бар. Онда әйелдер қамыс шауыпты. Олар күніне 40 бау қамыс жинауы керек. Егер бұл талапты орындамаса, оларға бір тілім нан да, тамақ та бермепті», — дейді АЛЖИР» мемориалды-музей кешенінің бөлім меңгерушісі Раиса Жақсыбаева.
Оның айтуынша, қазақ ауылдары лагерьдегі әйелдерге шамасынша көмектесіп тұрған.
«Лагерьдегі адамдар қой бағып, бидай еккен. Сол кезде қазақтар мал бақпай ма? Олар лагердегі әйелдерді аяп, көмектескен. Олар тастың астына нан, ет қалдырып кетіп жүрген. Онда әйелдермен сөйлесуге болмайды. Себебі, барлығын күзетшілер қарап тұрады. Тамақтың қайда сақталғанын әрі «біз кеткеннен соң алыңдар» деп барлығын ыммен, қамшымен түсіндірген», — дейді ол «Қанмен жазылған хат» деректі фильмінде.
«Халық жауы» деп жала жабылғандардың ұрпақтары не дейді
Әкесі жазықсыз атылып, анасы 9 жыл «АЛЖИР» лагерінде болған Зарема Османова отбасының кінәсіз жапа шеккенін айтады.
«1937 жылы 16 шілде күні түнде әкем Төребек Османов ұсталды. Ол өз заманының білімді азаматы еді. Оған «Халық жауы, кеңес үкіметіне қарсы шықты» деп жала жабылды. Онда мен 3,5 жастамын. Болған оқиға еміс-еміс есімде қалыпты. НКВД әкемді 3 айдай ұстады. Сол жылдың 4 қазанында әкем ату жазасына кесілді. 17 қазанда анамды алып кетті», — дейді ол.
Ал Зарема балалар үйінде тәрбиеленген.
«Анам көпке дейін балаларының қайда екенін білмепті. Бізді сіңлілерінің үйінде шығар деп ойлаған. Балалар үйінде жүргенде «Жақсы балалар» деген тақырыппен газетке мақала шығыпты. Газетте менің суретім бар екен. Қалай екені белгісіз, сол газет лагерьдегі анамның қолына түсіпті. Осылайша, анам менің сонда екенімді білді», — дейді Османова.
Ол лагерьдегі жағдайдың адам төгісіз болғанын айтады.
«Барактардағы пештің түтіні дұрыс шықпайтын, әрі ауасы қапырық болыпты. Орын болмағандықтан, бірінің қасына бірі ұйықтаған ғой. Тіпті адам жүретін жер болмаған. Лагерьде тұтқында болған әйелдер жоғары білімді, оның ішінде агрономдар, дәрігерлер, инженерлер, құрылысшылар бар», — дейді Зарема Османова.
Ал әжесі КарЛАГ-та жазасын өтеген Светлана Тыныбекова бұл лагерьде адамдар кезекпен ұйықтағанын айтады.
«Әжем 1901 жылы туған. 89 жасында өмірден озды. Лагерьде 1937 жылдан бері болды. Онда 8 жыл өмірін өткізді. Ол жазасын КарЛАГ-тың Долянка деген №26 бөлімшесінде өтепті. Әжем барактың ішіне ұйықтау үшін алдымен қамыс салыпты. Кейін сондағы әйелдермен келісіп, сол қамыстың үстінде кезекен ұйықтаған», — дейді ол деректі фильмде.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да шамамен 3 миллион 777 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның 642 мыңға жуығы өлім жазасына кесілді.
Тәуелсіздік жылдары елімізде өткен ғасырдың орта шенінде қуғын-сүргінге ұшыраған 340 мыңнан аса азамат ақталды.
sputniknews.kz