Бүкіл қазақ жері күңіреніп, жоқтау айтып жатқанда Назарбаев өзіне ескерткіш қойғызды: Жазушы халықты жағымпаздыққа, парақорлыққа үйреткен билікті сынады

0
Ауылда екі дүкен бар. Мен көбіне үйге жақынына барам. Бұл дүкенге салыстырмалы түрде адам аз келеді. Апалар себебін «қымбат сатады» деп түсіндіреді. Қашан барсам жұрт «Жазып қойшы. Пенсиядан берем, балалардың жəрдемақысын алғанда берем, жақында бір жерден ақша алам, сонда қарызыңды қайтарам» деп жатады. Кеше дүкен иесінен «Ауыл адамдары шамамен қанша қарыз?» деп сұрадым. «600 мың теңгеден асады. Қарызды ұзақ қайтармайтындарға бермей қойдым» дейді. Екінші дүкенге адам көп барады. Естуімше, «жақсы адам, қарызға бере береді». Қазақтың ұғымында, қарыз беруші — жақсы адам. Шамамен ол дүкенге ауыл халқы 1 миллионнан аса қарыз шығар деп ойлаймын. Мұның бəрін неге айттым? Бұл біздің ауылдағы ғана жағдай емес, Қазақстанның қай ауылына барсаң да, жұрт дүкеннен қарыз алып, зейнетақыдан зейнетақыға, жалақыдан жалақыға əзер өмір сүріп жатыр.
Ауылдағы Ұлди апам «Бүгін зейнетақы алдым, дүкенге 30 мың теңге қарыз төледім» деп отырады.
Кеше ауылдағы бір туысым «дүкеннен қарызымыз 40 мың теңгеден асты» десе, қалада тұратын бір танысым «дүкендегі қарызым 100 мыңнан асты, азық-түлікті жаздырып алып жатырмыз, ақша жоқ. Жақсы таныс болған соң, ұялғанынан беріп жатыр» дейді.
Немере əпкем қайбір жылы перде сататын дүкен ашқан. Пердені тігіп, үтіктеп, тұтып береді. Қашан көрсем əпкем «Жұртта миллионнан аса қарызым бар. Қарыз бермесең, өтпейді. Еш пайда таппайсың» дейді. Əпкем де көбіне тауарын қарызға əкеледі.
Сəбит Рысбаев деген жігіт «Халықтың сексен пайызының жинаған қоры жоқ» деп жазды. Меніңше, тоқсан-тоқсан екі пайызының жинаған қоры жоқ. Машинадан машина таңдап мініп жүргендердің көпшілігі несиеге алып, понт жасап жүргендер. Қазақстанда несиесі жоқ адам аз. Несиесін төлей алмай өзін-өзі өлтіріп, өртеп жатқан адам аз ба?
Неге? Себебі, жұмыссыздық, қымбатшылық, жалақының аздығы, несиенің пайызы көп, жүйесіздік, жемқорлық…
Оңтүстікте парасыз жұмысқа тұру қиын.
Жақында үйге былтыр Шымкент жаққа көшіп кеткен көршіміз келді.
«Үйді сатқан соң, келінімді мектепке жұмысқа тұрғыздым. Бір миллион сұрады. Бердім. «Класс бересің» дедім. Бір жыл істеп, декретке шықты. Берген бір миллионды қайтарып алып қойдық» деп қуанып отыр.
Мұғалім болатын адамның басында білім бар ма, жоқ па, ешкімге қызық емес. Миллионыңды бер де, істей бер!
Назарбаев билігі халықты жағымпаздыққа, парақорлыққа үйретті. Елде жағымпаздық шарықтау шегіне жетті. Назарбаевтың ескерткішіне қанша миллион кетті? Ескерткішке кеткен шын есеп басқа, қағаздағы есеп басқа шығар?
Халқың ауырып, күнде пəлен адам дүние сап, бүкіл қазақ жері күңіреніп, жоқтау айтып жатқанда ескерткіш қоятын, ода айтатын уақыт па?
Халқың реанимацияда жатқанда той тойлап, «табынатын құдайыңа» ескерткіш қойып, халықты ашындырып жатсыңдар. Індет біткен соң, халық көтеріліп жатса, таңғалмаймын. Обалдарың жоқ!
Аягүл Мантай, жазушы (Facebook парақшасынан)