«300 мың салып, 400 мың теңге алдым»: Қазақстандықтар «Гарант 24» ұйымының арбауына қалай түскендерін айтып берді — Қазақстан жаңалықтары

0

24 ақпан күні еліміздің бірнеше қаласында «Гарант 24 Ломбард» компаниясы ақшамызды қайтарсын деп талап қойған тұрғындар жиналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаған азаматтар салған ақшаларын үстеме ақысыз қайтарып алуға көмектессе екен дейді. Ал Өскемендегі аты шулы компанияның салымшылары кімге барарын білмей дал. Себебі, ломбардтың есігіне мөр басылған қағаз жапсырылып, директоры қамауға алыныпты. Бұған дейін Тараз, Қарағанды және Павлодар қалаларындағы бөлімшелерінің басшылары ұсталған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Гарант

Өскемендегі ломбардтың филиалы жабылғанына екі күн болған. Бірнеше күн бұрын ғана жұмысы қызып тұрған филиалда қазір ешкім жоқ. Ал миллиондап ақша салған салымшылар есіктегі мөр басылған қағазға қарамастан тағы да ғимараттың алдына жиналды. 

«35 пайызбен үш бойы ақшаңызға тиіспесеңіз, кері қайтарып аласыз деп айтты. Егер ай сайын алып отырсаңыз, 30 пайыз болады деп қосты. Енді пенде болған соң артық ақша кімге қажет емес? Менде қаражатым жиналып тұра берсің деп салып қойған едім», — деді Өскемен қаласының тұрғыны Алмагүл Мақатова. 

Өскемен мен Семей қалаларында 28 салымшы полицияға арыз жазып, ақшаларың қайтартып беруді сұраған. Жапа шеккендерге келтірілген жалпы шығын сомасы 52 миллион теңгеден асады. Бұл жағдайдан кейін осы өңірдегі ломбардтың директоры қамауға алынып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ақшасын даулаған ел директордың босатылуын сұрап отыр. 

«Ешқандай арыз түспейді. Директорды бостандыққа жіберу керек. Келіп өзінің жұмысын жасап, ақшамызды кері қайтарсын», — деді Өскемен қаласының тағы бір тұрғыны Дамир Баяндинов. 

Ақтөбе қаласында да жүздеген салымшы жабық кеңсенің алдына тұрып президентке үдеуін жариялады. Олар да бір ауыздан елден қашып кетті деген қаржы ұйымының басышысын жауапкершіліктен босатып, мекеменің ары қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік берілуін сұрайды. Айтуларынша, ломбардқа салған миллиондарын еселеп болмаса да, өздеріне тиесілілерін қайтарып берсе екен. Бұған дейін салымшылар үстемақыларын уақытылы алып келді. Қазір де құрылтаушыларға қарсы наразылығымыз жоқ. Сондықтан ол елге оралса, оның үстінен полицияға жазылған арызымызды қайтып аламыз деп отыр. 

«Бір айда 300 000  теңге айналымға түскен. Мысалы 35%-бен салған салымшылар үстінен 105 000 теңге алып отырған. Кебіреулер ақшаларын осында қалдырып, үш айдан кейін келіп алып жатады. Ол кезде кірісі 570 000 теңге болады. Мен мысалы 2,5 миллион теңге салдым. Әзірге ешнәрсе түспеді», -деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Майя Шамыкова.  

«Осы басшыларды жіберуге рұқсатын беруіне, жиналған халықты жылатпай, еңіретпей ең болмағанда салған ақшаларын қолдарына ұстатуға соған үндеу жасап отырмыз», — деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Бижамал әжей. 

Алайда қаржы пирамидасын құрды деген азаматтарға іздеу салып жатырмыз деген Ақтөбенің полициясы әлі ешкімді ұстамағандарын айтты. Ал ломбард кеңсесін тінту кезінде 11 мыңнан астам келісімшарт тәркіленіпті. 

«ҚР ҚК-нің 217 бабы 3 тармағы бойынша «Қаржы пирамидасын ұйымдастыру және оны басқару» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Мекеменің Ақтөбедегі филиал жетекшісін анықтау және қолға түсіру жұмыстары атқарылуда», — деді Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Ломбардқа саналы түрде ақшаларын салған салымшылар Семей мен Атырау қалаларында жиналып өз үндеулерін жариялады. Ал жиналған жұртқа құқық қорғау органдары тергеу аяқталмай, нақты ешнәрсе айта алмайтындықтарын жеткізді.

stan.kz