30 жыл ел билеген Назарбаев қай жерден мүлт кетті?

0

НАЗАРБАЕВ БАҚЫТТЫ МА?

Елді отыз жыл билеген Нұрсұлтан Назарбаев қай жерден мүлт кетті? Оның тығырыққа тірелген жолы қалай басталды? Тағдырының соңы бақытты бола ала ма?

Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылы 24 көкекте Жоғарғы Кеңес депутаттарының дауыс беруімен алғаш Президент болып сайланғанда қуанышымызда шек болмады. Тәуелсіздіктің тірегіндей көрдік. Бәріміз Нұрсұлтанның тілеуін тіледік. Құдай берген басшымыз деп қабылдадық. Халықтың құрметіне бөленді. Өзі де шешен сөйлейтін.

Өз басым Нұрсұлтан Назарбаев о бастан Кемал Ататүрік сияқты қазақ ұлтының Әкесі болады деп сендім. 1997 жылы «Элита Казахстана» деп аталатын кітап шықты. Сонда берген сұқбатымда «Идеалыңыз кім?» деген сұраққа «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммед және Нұрсұлтан Назарбаев» деп жауап беріппін. Қандай сенгіш, қандай аңғал болғанбыз. Көзі ойнақшып қазақтың ұлттық мүдделеріне қатысты тұстарды айналып өткенде бұл саясат үшін шығар деп жүрдік. Өзі де орысша сөйлеп келіп бір жерінде қазақша кілт бәсең дауыспен: «мұны дұрыс түсініңдер, бұл саясат қой» дейтін. Айтқанына айрандай ұйыдық, қапысыз сендік. Адамзат тарихында ұлтына қызмет еткен тау тұлғалар қатарынан орын алады деп ойладық.

Жылдар жылжып жатты. Бірақ Нұрсұлтанның қазақ тіліне де, қазақ халқына да іші бір жылымай-ақ қойды. Тіл, мен жер мәселелерінде билік ұлт мүддесіне көзін жұмып қарады. Неге бұлай деген сұрақ көкейімізде Көлсайдың су ішінде қураған қарағайларындай орман боп тұратын. Президент болған соң өзін тек қазақтың емес бүкіл электораттың әкесі санайтын шығар дестік. Бірақ отыз жылдық мерзім оның эгоистік, пендешілік пиғылдың ғана құлы болғандығын көрсетті. Колхоздар мен совхоздарды таратып ауыл шаруашылығын талқандағаны әлі күнге жүрек ауыртады. Жекешелендіруде партиялық номенклатураның бағы жанды. Түрлі саяси айла-шарғылар елді демократиялық құндылықтардан алшақтатты. Әсіресе Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына қымбат 30 жыл (отыз жыл!!!) уақыт текке кеткені өкінішті. «Балық басынан шіриді» деген. Қайран менің отыз жылдық ғұмырым-ай… Алашорда қайраткерлері армандаған ұлттық мемлекеттілігіміз мешеу күйінде қалып қойды. Еуразиялық экономикалық одақ арқылы Ресейге қайта бодан болдық. Назарбаев ала көзімен қарап Қазақ тілінің төрдегі орнын орыс тіліне босаттырып бергізді. Айнала жайлаған жағымпаздық, коррупция, көзбояушылық, алаяқтық!

Жоғарғы Кеңестің екі рет (1993 1995жж) таратылуы, референдум арқылы өз билігін 2000 жылға дейін созып алуы, 1995 жылы жаңа Конституция желеуімен түрлі манипуляцияға ыңғайлы «черновик» жасатуы, ары қарай қолбала партия мен жағымпаз депутаттар корпусын қалыптастыруы, қарсы келгендерді репрессиялық мәшинелермен тапап өтуі оның өз мүддесі халық мүддесінен жоғары тұрғандығын көрсетеді.

Әйгілі көне грек ойшылы Солон «Билеушіні соңғы демі таусылғанша бақытты деп айтуға болмайды» деген екен. Назарбаев өзін ақылды да атақты, бай да, дәулетті сезінгені күмәнсіз. Бірақ соңы қалай болады? Менің ұғымымда халқына қызмет еткен билеуші ғана бақытты. Назарбаев тағдырдың өзіне берген ондай мүмкіншілігін пайдалана алмады. Материалдық тұрғыда мұңсыз болғанымен рухани тұрғыда бақытты ма? Быт-шыт болған өзінің отбасын, қайыршылыққа ұшырап, 42 мың теңгеге таласқан халқын айтсаңшы. Ертең Алланың алдында қалай жауап береді? Оның қазіргі ахуалын топ-топ қорқау талаған ауру арыстанға ұқсатамын.

Мұндай финалды бақытты деп ешкім айта алмас!

ЖАЗУШЫ-ПУБЛИЦИСТ

МАРАТ БӘЙДІЛДАҰЛЫ (ТОҚАШБАЕВ)