30 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

0

2018 жылғы 30 желтоқсан 07:00

АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 30 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады. 

30 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі
30 желтоқсан. ЖЕКСЕНБІ 

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылында Қазыбек биге ескерткіш орнатылды.

1999 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражай-үйі ашылып, қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

2005 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес, мұсылман күнтізбесі бойынша аталып өтетін Құрбан айттың алғашқы күні және Православ Рождество мерекесі демалыс күндері болып бекітілді.

2011 жылы Д.Қонаевтың 100 жылдығына арналған фотоальбом жарыққа шықты. Фотоальбом отбасылық мұрағат материалдарын пайдаланған эксклюзивті басылым болды.

2013 жылы Бейжіңде Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшісі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан Республикасының Хошимин қаласындағы (Вьетнам) құрметті консулы Нгуен Тхань Хунгке консулдық патентті табыстады. Құрметті консул Қазақстанның Вьетнамдағы мүддесін қорғап, консулдық аймақта Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларының мүдделері мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

2013 жылы Ақтөбеде драма театрының саябағында қазақ әдебиетінің классигі — ҚР Халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановқа, халық ақыны, драматург Қуандық Шаңғытбаевқа  салтанатты түрде ескерткіш ашылды. Қола ескерткіш екі фигураны біріктірді. Драматург Тахауи Ахтанов орындықта отырса, оның қасында досы, жерлесі, ақын Қуандық Шаңғытбаев бейнеленді. Ескерткіштің биіктігі — 6,5 метр. Авторы — жас болса да, кәсіби ортада танылған мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.

2015 жылы «Жас гвардия» баспасынан әйгілі «Жизнь замечательных людей: биография продолжается» сериясынан «Нұрсұлтан Назарбаев» атты кітап шықты. Жаңа кітапта Қазақстан Президентінің саясатымен бірге оның отбасы, мектеп жылдары мен жұмыскер жастық шағы жайлы жазылған. Кітап Ресей және ТМД елдерімен бірге АҚШ конгресіне және Ұлыбритания, Германия, Италия, Испанияның кітапханаларына жіберілді.

2015 жылы Мемлекет басшысы «Қазпоштаның» «Аяз Атаға хат жаз» жобасын қолдады, оның аясында ниет білдірушілер балалар жазған хаттардың ішінен бірін таңдап, оның арманын орындайды. Нұрсұлтан Әбішұлы БҚО-дан хат жолдаған Виктория Харлашинаның арманын орындады. Виктория «Doh Vinci» шығармашылығы үшін керек-жарақ сыйлауды сұраған еді. Президент те сурет салғанды жақсы көреді, сондықтан қыз баланың арманын қуана орындады.  

2017 жылы «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымына зерттеу университеті мәртебесі беріліп, оның даму бағдарламасы бекітілді.   

2017 жылы Олимпиада чемпионы, әлемдік ең беделді жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері Александр Винокуров негізін қалаған «Vino» брендінің кәсіби спорттық велосипеді Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) аккредитациясын алды.

2017 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Намаз Ізімбергеновке «Аймақтың дамуына қосқан үлесі үшін» және Ахмет Байтұрсынов атындағы медальдар табысталды.

Намаз Ізімбергенов Шығыс Қазақстандағы хирургтар мектебінің негізін қалаған. Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі (2004), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1998). 22 патент пен куәліктің иегері, 570-тен астам ғылыми еңбектің авторы. Қазақ тілінде студенттерге арналған оқу құралдары, хирургиялық терминдердің орысша-қазақша сөздігі, дәрігерлерге арналған хирургиялық нұсқаулары жарық көрген. Оның ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында бірнеше республикалық, Бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Аталмыш іс-шаралар жедел хирургияда кездесетін өте ауыр асқынулардың емдеу нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік туғызды. Ол басқарған клиникада Қазақстанда бірінші рет іш қуысының іріңді асқынуларын, перитонитті емдеудің жаңа инновациялық әдістері тәжірибеге енгізілді.    

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz