3 жылда Қазақстанда сотталушыларға қатысты 53 азаптау фактісі «тіркелген»

0

Қазақстан соңғы үш жылда сотталушыларға және күдіктілерге қатысты 53 азаптау фактісі тіркелген. Бұл туралы 6 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен брифингіде «Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі директорының орынбасары Жанна Назарова хабарлады. Назарованың сөзінше, 13 оқиға қылмыстық-атқару жүйесінде, яғни түрмелерде; 33 оқиға сотқа дейінгі шаралар кезінде болған.

«Алты оқиға бойынша түрме әкімшілігі сотталушыларды бір-біріне қарсы қойған. Басқаларды азаптауға қатысқан сотталушылардың саны – алтау» деді Назарова.

Жиында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Дархан Қанатбеков 2018 жылы азаптау оқиғасы бойынша бірнеше іс қозғалғанын, бірақ олардың бәрі сотқа жетпей шешілгенін айтты. Ол елдегі түрмелерде азаптау оқиғасы «ішінара» барын айтып, Қазақстандағы барлық түрмені бақылауда ұстауға күштері жетпей жатқанын мойындады.

«Бізде 82 түрме бар. Барлығын бақылауда ұстауға мүмкіндік жетпей жатады. Ал болған [азаптау] фактілерін тексеріп, жауаптыларды жазалап жатырмыз» деді ол.

Тілшілер бірнеше рет Қанатбековтен нақты қанша түрме қызметкері азаптау фактісіне байланысты жазаланғанын сұрағанымен, ол бұл ақпаратты ашып айтпады.

Ал Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жетекшісінің орынбасары Теңізжан Жәнібеков азаптау фактілерін алдын алу үшін Қазақстан түрмелерінде жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін, 31 түрме қызметкерлерінің киіміне видеожетон орнатылатынын айтты. Оның сөзінше, ІІМ бюджет есебінен 600-ден астам видеожетон сатып алмақ.

25 шілде күні YouTube желісінде «Заречный түрмесіндегі азаптау оқиғасы» деген видео жарияланған. Видеода түрме қызметкері мен сотталғандар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты ұрып жатқаны көрінеді. Толис Тахон есімді қолданушы бөліскен видео сипаттамасында «Сотталған азамат түрме әкімшілігінің заңсыз әрекетіне қатысты прокурорға шағым түсірген.Әкімшіліктің оған не істегенін қараңдар» деп жазылған. Осы оқиға қоғам назарын аударып, түрмелердегі жағдай жұрт тарапынан сынға ұшыраған.

Оқи отырыңыз: «Азаптау» видеосынан соң түрме басшысы қызметтен кетті

Кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 түрмесінің жеті қызметкері «жазаланғанын» хабарлады. Түрме басшысы мен екі орынбасары қызметтен кеткен. Кейін ІІМ Заречный түрмесінің бес қызметкері екі айға қамауға алынғанын, оларға қатысты тергеу басталғанын айтқан.

«Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Азамат Шамбилов Қазақстан түрмелерінде азаптау мен өз-өзіне зақым келтіру фактілері көбейгенін айтады.

Azattyq