29 жастағы шенеунік Павлодар облысы әкімінің орынбасары болды

0

Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа орынбасары тағайындалды

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жаңа орынбасарын таныстырды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып Асхат Оралов тағайындалды. Осыған дейін бұл қызметті Мейрам Бегентаев атқарды.

Асхат Оралов бұған дейін Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты отбасы және жастар ісі комитеті төрағасының міндетін атқарған.

Әкімдікте өткен жиналыста өңір басшысы Болат Бақауов бұрынғы орынбасарының басқа қызметке ауысып жатқанын айтты. Облыс әкімі Мейрам Бегентаевқа алғысын білдіріп, оған жаңа табыстар тіледі.

«Әлеуметтік блок – өте маңызды сала. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау әрқашан халықтың назарында. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін» – деді Павлодар облысы әкімі жаңа орынбасарына.

Айта кетейік, Асхат Оралов 1990 жылы дүниеге келген. Ол Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Ресейдің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Аударма ісінің бакалавры, халықаралық қатынастар магистрі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, философия докторы (PhD).

Еңбек жолын 2011 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі әлеуметтік және азаматтық даму департаменті жастар ұйымдарымен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.

2014 жылға дейін аталған жоғары оқу орнында протокол бөлімінің аға маманы қызметін атқарған.

2014 жылдан 2016 жылға дейін «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған.

2016 жылдан 2018 жылға дейін – Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

2018 жылдың қаңтарынан 2018 жылдың тамызына дейін Қазақстанның дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жастар саясаты департаментінің директоры қызметін атқарған.



sputniknews.kz