28 желтоқсан – ұлттық аза тұту күні

0
28

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Алматы маңындағы ұшақ апатынан 12 адамның қаза табуына байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 28 желтоқсан қаралы күн ретінде жарияланды

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Бүгін Нұр-Сұлтаннан бастап еліміздегі барлық әкімшілік ғимаратта мемлекеттік ту төмен түсіріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгін тұтас Қазақстан аза тұтады. Мектеп пен балабақшада жоспарлаған барлық мерекелік шара кейінге шегеріліп, телеарналардағы ойын-сауық бағдарламалары бір күнге тоқтатылады.

Алматы қаласының әкімдігі 28 желтоқсанда Жаңа жылға орай ұйымдастырылатын мерекелік шаралар мен корпоративтер өтпейтінін мәлімдеді.

«Қайғылы жағдайға байланысты ҚР президенті әкімшілігінен 27-28 желтоқсан күндері өтетін корпоративтерді өткізбеу туралы ақпарат келді. 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл күні қаладағы барлық мерекелік безендіру мен иллюминациялар өшіріледі», – дейді әкімдік қызметкерлері.

Сондай-ақ заң бойынша ұлттық аза тұту күні аяқталғанша электронды БАҚ-та жарнамаға тыйым салынады, мәйіттің, қанның суретін жариялауға болмайды.

Алматы маңындағы ұшақ апаты

Қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңғы жетіде Алматы түбінде болды. Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы көп ұзамай Талғар ауданындағы елді мекенге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі 12 адамның қаза болғанын растады. Көз жұмғандар арасында генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров пен республикалық интернет-порталдың шығарушы редакторы Дана Круглова бар.

Тоқаев 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, кінәлі адамдар қатаң жазаланатынын жеткізді. Президент 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.

Медициналық көмек қалай көрсетілді?

103 қызметіне суық хабар таңғы сағат 07:43-те түскен. Оқиға орнына Алматы облысындағы жәдел жәрдем қызметінің 16 бригадасы – Талғар ауданының 5 бригадасы, Іле ауданының 6 бригадасы, Боралдай ауылының 2 бригадасы, Еңбекшіқазақ ауданының 3 бригадасы шұғыл жеткен. Жалпы, апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетуге Алматы қаласының жәдел жәрдем қызметінің 35 бригадасы жұмылдырылды. Сондай-ақ апат орнына екі нейрохирургиялық бригада барды.

4 миллион теңгеден бөлінеді

27 желтоқсан күні астанада Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Bek Air әуе компаниясы ұшағының құлау себептерін тергеу бойынша үкімет комиссиясының отырысы өтті. Жиында премьер-министр ұшақ апатының себептеріне толық тергеу жүргізуді және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ үкімет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, ал зардап шеккендерге тезірек сауығуды тіледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 миллион теңгеден қаражат бөлінеді. Зардап шеккендерге қажетті қаржылай көмек көрсетіледі», – деді премьер-министр.

Мамин апат себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия 2020 жылдың 10 қаңтарына қарай өз жұмысының алдын ала қорытындыларын ұсынуы тиіс екенін атап өтті.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз