28 панфиловшының ерлігі тың деректермен расталып, алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойылды
– Ким Серікбайұлы, Мәскеуді кеудесін тосып қорғаған саяси жетекші Клочковтың «Отанымыз кең-байтақ, бірақ, шегінерге жол жоқ! Артымызда – Мәскеу!» деген жадымызға сіңген жалынды сол бір сөзі енді болмағанда жоққа шығуға шақ қалған еді…
– Тіпті, мәселе сол Клочковтың сөзінде де емес! Қатардағы жауынгерден полк командиріне дейін барлық сатыдан өткен кәсіби командир әрі әскери тарихтың біршама білгірімін деп санайтын мен үшін – себеп-салдарсыз айтылған әрі өте лауазымды адамның мәртебелі жиында баршаға арнап жайып салған сол сөзі жаныма қатты батып жүрген жайы бар еді. Ақиқат адастырмайды екен! Тарихи шындық жеңді! Ресей министрінің «Смерш» құжатынан тауып баспасөзде жариялаған үш бағыттағы құпиясы әділдіктің ақ туын көтерді. Лауазымды азаматтың бар жауапкершілікті мойнына ала отырып «саяси жетекші Клочков басқарған 28 панфиловшы-гвардияшылар 1941 жылғы 16 қарашада Дубосеково разъезінде қайталанбас жанкешті ерлік көрсеткен. Бар құжат қолымызда» деуі жаныма шуақ беріп, терең бір тыныс алдым. Соғыста жақынын жоғалтқан азаматтардың ұрпағының рухы көтеріліп қалды. Қазақша айтқанда 28 панфиловшы батырдың, Панфиловтың, Момышұлының аруағы бір аунап түсті. Саяси-әскери көрсоқырлыққа осылайша тыйым салынды.
– «Смерш» («Шпиондарға – өлім!») тобының соғыс жылдарындағы аяусыз қарекеттері туралы хабардармыз. Дей тұрғанмен Мәскеуді жанын қиып қорғаған қазақстандық дивизияның ерлігін осыншама жыл құрсаулап, соншалықты құпиялауға не себеп?
– Соғыс болған соң оның құпиялық құжаты болатыны бар. «Құпия» деп таңба салынған ондай құжаттар белгілі бір жылдар өткен соң жария болып жатады, мәселен 50 жылдан соң. Ал енді «Смерш» құжаттары «Өте құпия» деп таңбаланады. Ол құжаттардың бірқатары, керек десеңіз, мәңгілікке ашылмайды, білдіңіз бе?! Әскери-соғыс талаптары сондай.
– Бұл дүрлігіп басылудың астарында Ресейдегі қазіргі орын алып отырған саяси-экономикалық, әлеуметтік ахуал дағдарысы, түптеп келгенде саяси тартыстың ықпалы жоқ деп ойлауымызға негіз бар ма?
– Кешіріңіз, бұл жерде ешқандай да саяси тартыс жоқ. Мироненко сынды соғыстың, Отан үшін жанпида етудің мәнін жете түсінбей жеке көзқарасын мемлекеттік деңгейге теңейтіндерге соққы берілді. Министр Мединский шынжырланған құжаттың құпиясы ретінде сақталған майдан шебінің схемасын, 1075-ші гвардиялық атқыштар полкіне қарасты батальонның аға комиссары, қандасымыз Ахметжан Мұқамедияровтың жазбаларын да жария етті. Дубосеково, Ширяево, Петелино елді мекендеріндегі нағыз қанды шайқастың жай-жапсары сонда. Ақырғы демі қалғанша айқасқан арыстардың шалажансар денесін шынжыр табанды жау танкілері таптап өткен. Министр Мединскийдің «бұл құжат тарихта 28-дің ерлігі біз ойлағаннан да зор екенін дәлелдейді» деуі де тегін емес.
– Сол панфиловшылар дивизиясы Мәскеуді қорғау барысында әлем тарихшылары жазғандай – «қанды қырғын қазанында» қаншама қандастарымыз алғашқы леппен із-түзсіз кетті емес пе? Еске алудың өзі өте ауыр!
– Рас. Қаншама бейкүнә боздақтарымыздан айырылдық. Әрине, қазақтармен қатар өзге ұлт өкілдері де шейіт болды. Даңқты Бауыржан Момышұлының естеліктерін бір қайталап оқып шығыңызшы… Немесе ол туралы жазылған Александр Бектің «Волокалам тасжолы», көзіңіз көп нәрсеге жетеді. Әрине, айтқанға жеңіл. Мәселен соғыс жағдайында дивизияның бақылауда ұстайтын майдан шебі 15 әрі кетсе 20 шақырымды алуы тиіс. Ал генерал Панфиловтың дивизиясы кемеңгер қолбасшылығының арқасында 60 шақырым ендікті алып жатты. Өйткені ол Баукеңдей ер туған азаматтарына, командиріне сенді. Бұған дейін Қызыл Армия тек қана «Біздің бронепойыз – тек қана алға!» деген ұранмен шайқасқан. Өзің айтқандай, қан-жоса болып қырылып қалдық, ал не болдық? Генерал Панфилов біздің Бауыржанымызды әскери тактикасы үшін керемет бағалаған. Өйткені батальон командирі Момышұлы әлгі қызылармиялық қасаң ұранды-тактиканы осы Мәскеу түбінде түбірімен өзгертті. Соғыста қажетті жерінде айламен шегінуге де болатынын дәлелдеп, бес рет қоршауда қалып, бес рет оның быт-шытын шығарып бұзып шықты. Мұның бәрі де әлгі айтқан 60 шақырымдық майдан шебінде болған жауынгерлік оқиға. Сондықтан да Панфилов – Момышұлы – 28 панфиловшы батырлар ажырамас бір ұғым! Өте үлкен тарих! Бұл үшеуінің қай-қайсысына тіл тигізу – ұлы шайқаста Мәскеуді қорғауды жоққа шығару.
– 1941 жылдың 5 желтоқсаны тарихта Кеңес әскерлерінің фашистік армияға жаппай қарсы шабуылға шыққан күні деп аталады.
– Біле білсеңіз, сол күні бәрі Мәскеуді қорғаудан басталған. Содан ол жаппай майдан шептеріне ұласқан. Бүгін сол айтулы күнге 77 жыл толып отыр. Айтпақшы,1991 жылы 5 желтоқсанда Алматыдағы бауыржаншылар мектебінің алдына оқу орнының басшысы ретінде Бауыржан Момышұлының бюстін орналастыруымның себебі де сонда! 1991 жылы!.. Кеше ғана Мәскеуден жеткен сенсациялық жаңалықтың қарсаңында – Ресейдің Алматыда жаңадан тағайындалған Бас консулы Евгений Бобровтың қолқалауымен ардагерлерді бастап, 28 панфиловшылар саябағына барып, тағзым еттік, Мәңгі алау басына гүлдесте қойдық.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды, шырағым. Біле білсең, Мәскеудегі Кремль қабырғасындағы Белгісіз солдаттың зиратына топырақ сол Дубосеководан апарылған. Ол бәлкім, қазақ шығар, бәлкім, орыс… мәселе онда емес. Ақиқаттан аттамаған жөн. Жанымыз күйіп жүрген оқиға еді, оң шешімін тапты, халықтық құндылықтар қайта жаңғырды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
СУРЕТТЕ: әскери ғылымдар докторы, профессор, полковник Ким Серікбаев пен Ресейдің Алматыдағы Бас консулы Евгений Бобров 28
панфиловшылар саябағында.
Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ
АЛМАТЫ