273 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленді

0
55

1 сәуірден бері Қазақстанда 273 мың отбасыға жалпы сомасы 55 миллиард теңге атаулы әлеуметтік көмек төленген. Әр отбасы орташа есеппен 105 мың теңге жәрдемақы алған. Бұл туралы 15 маусымда Нұр-Сұлтанда Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Қоғамдық кеңес алдында берген есебінде айтты.

Биыл 4 ақпанда Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.

Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. 6 ақпанда ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап етті.

21 ақпанда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті «халықтың жағдайын жақсарта алмады» деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.

27 ақпан «Нұр Отан» партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәуірден бастап тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлей бастағандарын хабарлаған.

Azattyq