25 жыл отасқан ерлі-зайыптылардың гендер-патиі желіні шулатты
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында отасқандарына 25 жылдан асқан ерлі-зайыпты жасаған гендер-пати әлеуметтік желіде лезде тарап, қызу талқыға түсті. 60 жасында тағы бір ұл сүйейін деп отырған Берік Сапин және жұбайы Мейрамгүл Есімова. Бұл туралы Kznews.kz KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде тараған видео Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Темір көпір бекетінде түсірілген. Бейнежазбадан ерлі-зайыпты құрдастарының ортасында гендер-пати жасағанын көруге болады. Бұл кеште отбасылық достары баланың кім екенін болжап, шар жарылып, тәтті торт кесіледі. Пікір қалдырған желі қолданушылар арасында «Алпысбай ма?» деп таңданысын білдіргендер де, тілекші болғандар да бар. Ал 60 жасқа толар шағында үшінші сәбиін сүюді жазған Берік Сапиннің қуанышында шек жоқ.
«Өзім 59 жастамын. 60 жасымда тағы да ұлды болайын деп тұрмын. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бақыттымын. Бірінші естігенде жылап жібердім. Сөйлей алмай қалдым. Құдай берейін десе жасқа қарамайды. Тек амандығын сұрап, Аллаға сыйынып отырмыз», — деді Темір көпір бекетінің тұрғыны. Жұбайының айтуынша, гендер-пати жасау туралы ұсыныс құрдастарынан түскен. Осы жасында сәбилі болайын деп отырған ерлі-зайыптылар «желі жұлдызы» атанамыз деп ойламадық дейді. «Видеомыз былайша таралып кетеді деп күткен жоқпыз. Видеода жолдасымның сыныптастарымен біргеміз. Олар ұйымшыл, әлі күнге дейін бір-бірінің қуанышы мен қайғысында бірге жүреді. Менің жүктілігіме де бізден гөрі солар қатты қуанып, тілекші боп жүр. Гендер-пати жасау идеясы солардыкі. Мен өзім қыз күттім. Екі ұлдан кейін шашы желбіреген қызым болғанды армандадым. Ұл екенін білгенімде ондайға қызықпадым. Бірақ бәрі сол гендер-патиді жасауды айтты. Туысқан келінім де «сізге қызық болмаса жолдастарыңыз білгісі келеді» деген соң келістім. Он ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін жағдай. «Неге желіге саласың, көз тиеді» деп жатқан туыстарымыз да бар», — дейді Мейрамгүл Есімова.
Сәби күтіп жүрген келіншек желі қолданушыларынан неше түрлі пікір алғанын айтады. «25 жыл отасқан күйеуім. Екеуміздің де бірінші некеміз. 1999 жылы үйлендік. Ол кезде жолдасым 35 жаста мен 18 жаста болдым. Екеуміздің арамыз 17 жас», — дейді Мейрамгүл. Айтуынша, болашақ сәби ерлі-зайыптының үшінші баласы.
«Ұзақ уақыт бала сүйе алмадым. Тұрмысқа шыққан соң жеті жылдан ғана кейін бөпелі болдым. Үлкен ұлымыз 18 жаста. Қазір студент. Ақтөбедегі университетке грантқа түсті. Екінші ұлымыз 13 жаста, оқушы. Бұл үшінші жүктілігім. Алла амандығын берсе 43 жасымда наурыз айында босанамын. Жолдасым жазда 60 жасқа толады», — деді ол.
фото: nur.kz